Дархан дақылдың негізі қалануда

        Екінші нан саналатын таулы өңірдің дархан дақылы – картоп өсірумен шұғылданатын диқандар қауымы молшылық негізін қалап келе жатқан қашандағы дағдысынан биыл да жаңылмапты. Оның дәлелін жуырда аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Нұрлан Оралқұловпен бірге шаруа қожалықтарын аралаған сапарымызда айқын аңғардық. Мал азығы мен дәнді дақылдарын дер мезгілінде жинап үлгерген шаруақор жандар қоңыр күздің әрбір сәтін тиімді пайдаланып, өздері сонау көктемнен қолға алып, жаз бойы қасынан кетпей күтімелдеген картоптарын төкпей-шашпай жинап алудың қамына білек сыбана кіріскен. Діттеген жерімізге уақытты созбай жетудің қамымен басқарма басшысын сөзге тарта отырып, аудан көлеміндегі жиын-терін науқанының орындалу барысы жайлы ұққанымыз төмендегідей болды.

       Биылғы жылы аудан бойынша 6044 гектар жерге себілген картоптың бүгінге дейін 800 гектары қазылып алыныпты. Гектар берекелігі де ауыз толтырып айтарлық. Әр гектарға шаққанда орташа түсім 203 центнерден айналуда. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында Қақпақ ауылдық округінен картоп шаруашылығын дамыту мақсатында «Үш Қақпақ» сервистік дайындау орталығы құрылды. Орталыққа 145 млн. теңгеге 13 бірлік трактор, 19 бірлік ауылшаруашылығы техникалары алынды,-дейді Нұрлан Оралқұлов риза пішінде. Сөз орайы келгенде ауылшаруашылық өнімдерінің мөлшері өткен жылға қарағанда төмендеу болып отырғанын да жасырмады Нұрекең. Оның себеп-салдарын да түсіндіріп өтті. Жер еңбек еткен адамның ақысын ешқашан жеген емес. Бұған қарап, шаруа қожалықтары алқап басында агротехникалық жұмыстарды өз мәнінде атқармады деуден аулақпыз. Оның ең басты себебі, биылғы жазда түннің едәуір салқын болғандығы үйдегі көңілді базардағы баға бұзғандай күйге тірегені. Көбінесе, түн мезгілінің жылылығында, таза ауа мен тыныштықта еркін өсуді жаны қалайтын шөптің де, дәнді егіс пен, дархан дақылдың да түннің салқындығына есе жіберіп алғандығы анық. Содан келіп, белгіленген меже көңілдегідей көрсеткіш бере алмапты. Бұған әрине, ешкімді де кінәлауға болмайды. Солай десек те, біткен іске шүкіршілік жасағаннан артықшылығы жоқ. Өйткені, барлық өнім түрі қытымыр қыстың сынынан ешкімді де қиындыққа соқтырмай алып шығатыны анық.

        Шаруа қожалықтарын аралай жүріп,Тегістік ауылдық округіне қарасты «Мирас» шаруа қожалығының картоп алқабына табан тіредік. Аталған қожалықтың аты ауданға жақсы таныс. Құрылғанына 30 жылға таяп қалған бұл қожалық бүгінгі таңда шаруасын дөңгелете жүргізіп, көп көрім дүниенің басын қайыра, басқаларға үлгі болып келе жатқан жайы бар. Жайлау-қыстауында төрт түлік малы жер қайыстырмаса да, «ой, бәрекелді!»дегізерлік. Қожалық төрағасы, кәнігі диқан, жинақтаған тәжірибесі жер еміп өскен халықтан кем түспейтін Марат Себдайров дейтін азамат. Өткен жылы, Мәкең алқабынан екі гектар жерді бөліп алып, голландиядан әкелінген жаңа картоп тұқымын арнайы сепкені бар. Тұқым жерге себілгеннен жар құлағы жастыққа тиген жоқ. Таулы өңірдің ауа райына бейім дархан дақылды барлық талапқа сай күтімелдеді. Жас баладай мәпелеуді қажет ететін өнімге қажетті жұмыстардың бәрін жүзеге асырды. Екі-үш мәрте судан өткізді, арам шөптен арылтты, қолда бар техниканы толық қуатында пайдаланып, топырағын дүркін-дүркін қопсытып отырды. Зиянды жәндіктердің жаулап алуына жол бермеді. Ал, күз айындағы нәтиже таңғаларлық дәрежеден көрінді. Атап айтқанда, екі гектардың әрқайсысынан 500 центнерден картоп алынды. Міне, ерінбей еткен еңбектің нәтижесі.

        Сонадайдан байқап келеміз. Алқап басындағы қызу қимыл бір сәт тыным алар емес. «ККР-2» картоп қазатын комбайн әр жолды бір-біріне қоспай, қазып әкеліп, трактор тіркемесіне төксе, «Л-701» сұрыптау машинасының екі жағынан тұрып картоп сұрыптап жатқан адамдардың қимылына да көз ілесер емес. Екі бірдей «МТЗ-82», «МТЗ-892» Белорусь тракторы мен қорабына ыңқита картоп толтырылған «КаМАЗ» автокөлігінің де қимылдарында кідіріс жоқ. Мұндағы бір айтатын жаңалық — жаңа қазылған картоп техника мен қол күші арқылы алқап басынан бірден сұрыптаудан өте қапталып, көлікке тиелуде. Әрі уақыттан ұтатын, әрі орынсыз шығынға жол бермейтін әдіс шаруа қожалығына еселеп пайда әкелетінін аңғартып тұр. Өнім молшылығы көздеген межеден асып түсіп жатқандығынан болар, шаруа басшысы Мараттың да, басқа адамдардың да жайдары жүздерінен маңдай терлерінің ақталғанына, еткен еңбектің еселеп қайтып жатқанына деген ризашылық айқын сезілуде. Бәрінің де жандары жаз, көңілдері көркем.

       — Биыл ерте көктемде өзіме тиесілі алқаптың 2 гектарына бидай, 7 гектарына арпа еккен едім. Жаз бойы қасымдағы көмекшілеріммен бірге еткен еңбегімнің енді міне жемісін көрудемін. Бидайдан гектарына 30, арпадан 20 центнерден өнім алып, қызыл қырман үйіп отырған жайым бар. Мал азығын да жеткілікті жинап алдым, — дейді Марат көңілі көлдей күймен.

        Даңғайыр диқанның сөзінен білгеніміздей 8 гектар жерге голландиялық «Санте» және «Агрия» аталатын картоп тұқымын сепкен екен. Бүгінге дейін жартысын қазып үлгеріпті. Алынған өнімді жер көлеміне қарай таразылағанда гектарына 320 центнерден айналуда. Ал, қи сепкен жерлер 400 центнерден беруде екен. Бұл орайда өзіне көмектесіп, өнім молшылығын қаласқан қожалық бригадирі Бағдәулет Әметханов, Серікбай Шаймерден, Заңғар Мұқи сияқты еңбекқор жігіттерге Мараттың айтар алғысы шексіз. Тағы бір айтар жайт, Марат картобын қазуды бастағанда ауылдың қолы бос адамдары да осы жерден табылуға асығып тұратынында. Солардың бірі-Ғалия Мұпабаева, Жазира Қуатбек, Қанат Несіпбаев сияқты азаматтар картоп теруге өз жүрек қалауларымен келіпті. Оларға күнделікті еңбек ақы да атқарған жұмыстарына және келісім шарт бойынша әр күннің соңында қолма-қол төленіп отырады екен. Ерен еңбектерін қалай айтса да орынды.

       Алқап басындағы жұмыс қарқыны толас табар емес. Қуатты техникалардың бірі картоп қазып бара жатса, енді бір шетте сұрыптау жұмысы іркіліссіз жүруде. Қызыл торларға іспелей қапталған сайдың тасындай ақ, сары қартоп тиелген «Камаз» автомашинасы ыңырана алқаптан шығып, күре жолмен қала жаққа бет түзеп барады. Осыған қарап, молшылық негізін қалауда «Мирас» шаруа қожалығында биыл да мүмкіндік мол екеніне куә болдық. Біз де қуандық.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Елдос АХМЕТЖАН (суреттер),

«Хантәңірі» Тегістік ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password