Бәрі де тәуелсіздіктің жемісі

       Тәуелсіздік –Жаратушының қазаққа берген үлкен сыйы. Тұғырлы тәуелсіздіктің нәтижесінде, еліміз жарқын болашаққа аяқ басты. Елдің әр аймағы жаңа леппен тыныстай бастады. Еліміздегі сондай серпінді сілкініспен дамыған өңірлердің бірі – Райымбек ауданы екені анық.

       Жалпы, Райымбек ауданы осыдан 93 жыл бұрын, яғни, 1928 жылы құрылған екен. Кейіннен, 1997 жылы, Нарынқол мен Кеген аудандары бірігіп, Райымбек ауданы қайта құрылды. Жылына назар аударсақ, бұл Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өзгеріс. Ал оған дейінгі аудан жағдайында, “колхоз”, “совхоз” деген ұғымдар болғанын білеміз. Осылайша, аудан Тәуелсіздік алғанға дейін сол заман саясаты бойынша, жоспарлы экономикаға жұмыс істеді. Әрине, географиялық орнын ескерсек, ауданымыз облыстан шалғай жатқан аудан санатында еді. Соған қарамастан, қарқынды даму жолына түседі.

       Кеудемде жастық оты жалындап, елге деген сүйіспеншілігім менің алғашқы жұмысымды туған топырағыма жақыннан бұйыртты. Туған жерге еңбек сіңіруді көздегенім, қызметімнің Шелек ауданында басталғанымен ерекше үйлесе кетті, онда жасым отызға толмаған.“Қорам” темекі совхозына бас агроном болып жұмысқа тұрдым. Кіндік кескен өлкемдегі төккен терімнің алғашқы тамшылары осы аймақтан сіңді. Ал Нарынқол ауданында тәуелсіздікке дейін істеген қызметім, 1974 жылы Нарынқол ауданының ауылшаруашылық басқармасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым, кейіннен 1979 жылы Нарынқол аудандық ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен сапасын тексеру жөніндегі мемлекеттік инспекция басшылығына тағайындалдым. Ал тұғырлы тәуелсіздігімізді алған сол бір жетістікті жыл менің “Карл Маркс” атындағы совхоз директоры болып жұмыс жасап жүрген мерзіммен тұспа-тұс. Бұл совхозға алғаш келгенімде, ауылдың біршама кемшіл тұстарын көрдім. Сол сәттен бастап, мақсатым- ауылды көркейту болды. Сол мақсаттың желеуімен алғашқы жұмысты-“су тіршілік көзі” деген нақылды басшылыққа ала отырып, су құбырын тартудан бастадым. Ілгеріде орыстар қазған құдық суын пайдаланып отырған халық үш жыл ішінде тұтастай сумен қамтамасыз етілді. Ауылдың кем-кетігін толықтыру мақсатында білім алушы шәкірттерге мектеп құрылысын бастадым, бүлдіршіндерге балабақша салғызып, басы ауырып, балтыры сыздаған халыққа ауырғанда ем іздеп шағынатын аурухана тұрғыздым. Халықтың бар қажеттілігін өтеу барысында, мәдени-ағарту ісін де ілгерілете отырып, мәдениет үйі ғимаратын тұрғыздық. Халық қамын ойлайтын тұлға деп қызметке қойған соң, жауапкершілікті сезініп, қызметке адал болу- адамзаттық парыз болып табылады. Сол парызды орындау барысында, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап, 183 үй құрылысы жүзеге асырылды. Текес ауылындағы қызмет барысында 100-саулықтан- 120 дан төл алып ерекше нәтиже көрсетілді. Мінекей, туған өлкеге ту тігу тілегі мені осындай халық алғысына бөлейтін әрекеттерге жетеледі. Осылайша, қарқынды тіршілік кешіп жатқан халыққа тәуелсіздік-еселенген бақыт болып келді десек қателеспейміз.

       Биыл міне, осындай игі өзгерістердің орын алып, ауданның жаңа асуға көтерілгеніне 30 жыл толып отыр. Уақыт ағымымен заман да қоғам да өзгеріске ұшырайды. Өзгермейтіні, тек адамның адамшылық қасиеті мен оның туған жерге деген сүйіспеншілігі. Аптал азамат мәртебесіне лайық деп, елге еңбегі ерен Дінмұхаммед Қонаев мырзаны, есімі елеулі Асанбай Асқаровты, нар тұлға Нүсіпбек Әшімбаевты атауға болады.

        Тәуелсіздіктің ендігі кілті- болашақ жастардың қолында. Сол жастардан “аптал азаматтар” шығар болса, ауданымыздың да аудан құрамына кіретін тарихы тереңде жатқан мемлекетіміздің де болашағы жарқын болмақ.

Кеңесбай Байқанов,

Алматы облысының және

Райымбек ауданының

Құрметті азаматы,

Текес ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password