Бүгінгі оқушы – ертеңгі білікті маман

Аудан орталығы  Нарынқол ауылының мәдениет үйінде 3 мамыр күні «Ұлағатты Ұрпақ» тәрбиелеу жобасының бастамасымен, Алматы облысының білім басқармасының қолдауымен облысымыздағы Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандық оқушыларының арасында Республикамызда тұңғыш рет «Бүгінгі оқушы — ертеңгі білікті маман» атты еңбек олимпиадасы өтті. Олимпиаданың басты мақсаты — өскелең ұрпақты еңбекке дәріптеу, оқушының қызығушылығын ашу, еліне, туған жеріне деген ұлттық сезімін ояту.

Айтулы жобаға Алматы облысы білім басқармасы қолдау білдіріп,
«Astra», «AbiroyKz», «Q-brend», «Evo»  компаниялары демеушілік жасады.

Өз кезегінде сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының  төрағасы, мәслихат депутаты Бекболат Бірбаев жоба жетекшілеріне алғыс айтып, байқауға қатысушыларға ақ батасын берді. Сондай-ақ,  жоба авторы Айдос Бақытжанұлы атаулы бес ауданнан шыққан социалистік еңбек ерлерінің еңбектерімен, өмірбаяндарымен таныстырып экран арқылы көптің назарына ұсынды. Ел экономикасының дамуына елеулі еңбек қосатын ұрпақ ретінде  оқушылардың болашақтарынан зор үміт күтетінін жеткізіп, сәттілік тіледі. Ерекше атап өтерлік жайт, барлық жүлделі орындар мен марапаттар сол еңбек ерлерінің еңбектерін насихаттау мақсатында, сол кісілердің атымен берілді.

 Айдос Бақытжанұлы бастап, «Astra» компаниясының басшысы Дәурен Дулатбаев,облыстық білім басқармасының бас маманы Саида Саманова, «Q-brend» компаниясының басшысы Нүркен Молдасанов, сонымен қатар «Abai.kz» ақпараттық порталының редакторы, журналист Қанат Әбілқайыр сынды өз істерінің шебері саналатын білікті мамандар қазылық етті.

Жоба шарттары бойынша мал бордақылайтын фермалар, жылы жай, туристік база, көкөніс сақтау қоймалары, ауыл шаруашылық машиналары бойынша макеттер жасап, өз жұмыстарын қорғау міндеттері жүктелген болатын. Аталмыш тапсырма бойынша 74 команда қатысып, оқушылар өз жұмыстарымен таныстырды. Сонымен қатар, оқушылардың макет жасау барысы бейнеролик арқылы көпшіл қауымның назарына ұсынылды. Үміткерлердің тәлімгер ұстаздарын таныстырып, қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп жатқанына қарап  жоғарғы дайындықпен келгенін бірден байқауға болады.

Бірінен — бірі өтіп, таңдай қақтырған әр түрлі макеттерге қарап, елімізде осындай дарынды да, талапты жастардың өсіп келе жатқанына қуандық. Тұла бойларында  іздемпаздық пен еңбекқорлықты дамытқан  ұстаздар қауымының ерен еңбектерінің нәтиежесіне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Таңғы сағат 10-00 де басталған айтулы жоба кешкі сағат 20-00 ге дейін жалғасты. Қарсыластарының еңбегін тапжылмай тамашалаған үміткерлер мен ұстаздар қауымының осындай дүбірлі доданы ұйымдастырушыларға деген ықыласы ерекше болды. Оны оқушылардың жайдарлы жанарлары мен тақым қысқан тәлімгерлердің көңіл толқынысынан байқадық.

Байқау қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының оқушылары белсенділік танытып, нағыз еңбекқор аудан екенін дәлелдеп берді. Айта кетер болсақ, бас жүлде Еңбекшіқазақ ауданынан келген «КВАНТ» командасына бұйырып, «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры  тағайындаған 150000 теңге ақшалай сыйлығымен  қатар, арнайы кубокқа ие болды. Бірінші орынды, Еңбекшіқазақ ауданынан келген «Құс жолы» командасы иеленіп, 100000 теңге қаржылай сыйлықты еншілесе, екінші орын да Еңбекшіқазақ ауданының командасы «Жас кәсіпкерлерге бұйырып, 70000 теңгемен марапатталды. Үшінші орынға Кеген ауданынан келген «Самұрық» тобы лайық деп танылып, 50000 теңгені қанжығаларына байлады.

Содай-ақ, демеушілердің тағайындауымен 4 команда 25000 теңге көлемінде, Райымбек аудандық әкімдігінің демеушілігімен 5 команда 10000 теңгеден ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Байқауға қатысқан барлық команда мен демеушілер «Ұлағатты ұрпақ» қорының арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар, бес ауданның қатысуымен ортаға жеребе  тасталып, Райымбек аудандық білім бөлімінің басшысы С. Үмбеталиев Талғар ауданына  келесі олимпиаданы өткізетін аудан ретінде эстафета кубогын тапсырды.

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Самат Нақысбекұлы жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, байқау ұйымдастырушыларына аудан атынан алғыс айтты.

 «Бұл байқау арқылы әр ұстаз, әр оқушы, әрбір азамат кішкентай болса да өзіне рухани азық, өзгеше көзқарас, жүректеріне иман ұялатса, және «жұмыла көтерген жүк жеңіл» ұранын берік ұстанып, бір-біріне қамқорлық танытуды, өзгелерге үлгі болуды үйренсе біздің еңбегіміздің ақталғаны» — дейді «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының төрағасы Жәнібек Әлікенов.

Бұл игі іс — теңізге тамған тамшыдай болса да тағылымы мол, тәрбиесі зор бастама. Заман сұранысына сай жан-жақты, қабілет-қарымды, саналы азаматты тәрбиелеп өсіру- ұстаздың қолында.Үлкен өмірге үкілеген үмітпен қадам басқан шәкірттері өз орындарын таба алмай жағаға шығып қалған қайықтай қайраңдап қалса ол мұғалімге сын болмақ. Сондықтан ұстаз үнемі шығармашылық ізденісте жүретін жігерлі жан болу керек. Осындай ұстаздар ғана ел ертеңі болар, ұстамды ұландарды тәрбиелей алады. Бала тәрбиесінің жалпы жүйесінде білім ордасы басты буын болып табылады.

Көздерінде жалын бар Еңбекшіқазақ секілді аудан жастарын көргенде «Шіркін-ай, біздің жастарымыз осындай өнерлі жастардан үлгі алса, әр ата-ана ұрпақ тәрбиесін басты назарда ұстаса, біз алмайтын қамал болмас еді» деген жүрек түбіндегі жаңғырықты жеткізгісі екен. «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен»,«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле», «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, Ұлт жоспарының Ұлы жоспарға айналуы біздің бірлігіміз бен ынтымағымызға тікелей байланысты. Тәуелсіздік туын тіккен, зайырлы мемлекет атанған еліміздің қадір-қасиетін ұғындыру, Отанның оттан да ыстық болатынын сезіндіру – басты мұратымыз болмақ. Ұрпағымызды парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, олардың танымдарын тереңдетіп, кісілік келбетін көтергіміз, бойында ұлттық намысы бар ұрпақ өсіргіміз келсе онда бүгінгі қоғамның барлық күшін жалпы оқу-тәрбие саласына жұмылдыруымыз керек.

                                                                               Айнаш Әлдибек,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password