Білімнің қайнар көзі

       Кітап – білімнің қайнар көзі. Кітапсыз өмір сүру ХХІ ғасырда мүмкін емес. Кітап қана дәл мәнді білім береді, себебі ол адамды терең ойлауға жетелейді. «Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол» деп текке айтылмаған. Осыған орай, ТЖ-ға байланысты Шалкөде ауылдық кітапханасында «Кітап – жан азығы» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оқырмандарды қазақ әдебиетінен алыстатпау, көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген кітап көрмесіне Мұқағали Мақатаевтың жыр жинақтары, Сағат Әшімбаевтың, Қасым Аманжоловтың, Мұхтар Әуезовтың және т.б. ақын-жазушылардың кітаптары қойылып, таныстырылды.

        «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» — деген еді Ғабит Мүсірепов. Адам баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Кітап оқыған адамның шетте қалмасы анық. Кітап арқылы адамзат ақыл-ойының, інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Кітап – барлық білімдердің басын бір жерге тоғыстырып, кез-келген сәтте көмекке келетін ерен күш, әрі білімді жетілдіріп, жан-жақты ізденіп, тіл байлығын дамытып, саналы да, білімді адам шығаруда таптырмайтын баға жетпес дүние. «Кітапсыз өтілген бір күн, орны толмай бос өткен күн». Сондықтан да кітап атаулымен дос бола бастау сәби шақтан басталу керек. Кітап оқу баланың ой-өрісін кеңейтеді, ойлауға үйретеді, сөйлеу қабілетін, есте сақтауын, қиялын дамытады.

        Кітап – біздің досымыз. Онсыз адамның өсуін де мүмкін дей алмаймын. Көпшілік адам жас қосылған сайын өседі дейді. Алайда, менің ойымша, адам жас ұлғайған сайын емес, ақыл ұлғайған сайын өседі. Ал ақылдың ұлғаймағы үшін біліммен сусындау қажет екені белгілі. Кітап оқи отырып ондағы әлемге саяхаттап, таным-түсінігіңді арттырасың. Тіпті, көркем әдебиетті оқи отырып, адам тануды үйренесің. Бәрінен бұрын, кітап адамшылыққа үйретеді. Ақылыңа ақыл қосар кітап руханиятыңды гүлдендіріп, көкірегіңе нұр шашатыны анық. Айналаңа қарап отырсаң кітап оқитын жандар мен кітап оқымайтындардың арасында жер мен көктей айырмашылық бардай көрінеді. Кітапқа құмар жан кез-келген тақырыпта еркін сөйлесіп, танымыңды арттырып, көкейіңе білім сәулесін түсіретіндей. Онымен емен-жарқын сөйлесе отырып қаншама мағлұмат алып, құнды пікірлермен бөлісіп, ой алмасасың. Жақсы кітап адамды тек жақсылыққа баулып, дүниеге көзқарасын кеңейтеді. Сондықтан оны адамның жанашыры, жақын досы деуге болады.

Дариға АБИРОВА,

кітапхана меңгерушісі.

Шалкөде ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password