Білікті Басшы, Білімді редактор Шыңғыс Тұрсынов– 70 жаста

       Табиғаты тамаша Кегеннің кеңдігін, таулардың өрлігін, батырлардың ерлігін суреттемеген қаламгер жоқ шығар. Асылымызды ардақтау – атадан қалған асыл қасиет екеніне тағы да көз жеткіздім. Көркем мінездің иесі Шыңғыс аға Тұрсынов осынау ордалы мекеннің оғланы.  1950 жылы қарашаның 7-ші жұлдызында дүние есігін ашқан ақжайлаудай ағам бүгінде 70-тің желкесінде. Тұманың тұнығынан татқан қадірлі жан, қарымды қаламгер жайлы бір ауыз сөз айтуды азаматтық парызыма балаймын.

       1968 жылы Кеген орта мектебін бітірген соң еңбек жолын «Қызылту» совхозында қарапайым жұмысшы болып бастайды. Көп ұзамай сол жылдың қараша айында аудандық «Коммунизм нұры» газетіне фототілші қызметіне ауысады. Жауынға тиген қыл арқандай шираған аға-мыз көп өтпей жастық жалынымен көзге түсіп, іскерілігі мен азаматтығын танытады. Көптің алғысының арқасында 1972 жылдан бастап, газеттің әдеби қызметкері, аға әдеби қызметкері болады. Талабымен талантын ұштаған маман бұдан ары Кеген аудандық радиохабарын тарату редакциясының бас редакторлығына тағайындалады.

        Алдына  қойған  мақсаты  мен  міндеті  айқын  ағамыз  1977  жылы  Әл-Фараби  атындағы  университеттің  журналистика  факультетін бітіреді. 1979 жылдан аудандық газеттің «Коммунизм нұры» газетінің бас редактордың орынбасарлығы қызметіне ауысады.

       Ал 1984-86 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқиды. Еңбекпен өрілген өмірінде түрлі қызметте білім-білігін сынауға мүм-кіндік туады. 1986-88 жылдары аралығында нұсқаушы, Кеген аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, 1988-91 жылы аудандық партия комитетінің идеология бөлімін басқарады.

        Кеңес Одағы тараған уақытта 1991 жылдың қазан айынан бастап, Кеген ауылдық Кеңес төрағасының орынбасары, төрағалық қыз-метінде үш жыл бойы еңбек етеді. 1994 пен 99 жылдары Кеген және Райымбек аудандық ауыл шаруашылығы кәсіподағының төрағасы болып жұмыс жасайды.

        2010 жылдың қараша айынан аудандық «Хантәңірі» газетінің директор-бас редакторы. Оған дейін ауданда 1999 жылы жаңа құрылған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында атқарушы директор және төрағаның бірінші орынбасары қызметтерін қатар атқарады.

       Жауапкершілік жүктейтін журна-листика  саласы  жүрдім-бардымды жақамайды.  Мұны  мен  университет қабырғасында жүргенде-ақ ұстаздар-дан естідім. Иә, иә жай ғана естідім, байыбына бармадым бірақ. Сол сан айналып алдымнан шыққан қағидаға сан  мәрте  көз  жеткіздім.  Тіптен,  бұл журналистиканың балталасаң бөлін-бейтін  формуласы  екенін   ұғындым. Қалай дейсіздер ма? Былай…

Тәлімгерлік

тәрбиешім болды

       Кемерінен тасыған кемел ойдың кемелері  қалтылдаған  қайықтарды тілшілік  теңізінде  тіршілік  етуге  үй-ретеді.  Дөй  дауылдарда  толқындар-дың  тіресінен  тас-талқан  болмауға бағыттайды.  «Апанауыз  адамдарға» жұтылып  кетпеуге,  ар  мен  арамдық айқасында тұтылып кетпеуге тәрбие-лейді. Ел елей бермейтін ноқат нүкте мен имек үтірдің тағдыр шешер мәні барын түсіндіреді. Бір сөзбен айтқан-да,  журналист  –  алақанына  бір  уыс шоқ ұстап жүрген жанпоз екенін дәлелдейді. Осына ұс-таздық жолда Шыңғыс аға Тұрсыновтың есімі мен үшін ерекше аталады.

       2012 жылдың мамыр айы. Алтысы күні аудан орта-лығына онда да редакцияға шақырту алдым. Телефон-мен қысқа ғана «…газетке жұмысқа шақырады… құжат-тарыңды  құшақтап  тез  жет»  –  деді.  Қуанғаннан  құрақ ұштым.  Үй  ішім  жыртығы  жамалған  жарлыдай  жасап қалды. Жазу үстелінде шашылған шимай-шатпағымды жиыстырып, демде түрімді тілшіге түзедім. Сөйтіп…

       Иә, сөйтіп Кегенге келдім. Газеттің байырғы орыны белгілі  себептермен  бұрынғы  аудандық  жер  бөлімінің кеңсесіне  көшіпті.  Сыртынан  тіршілік  тынысы  білін-бегенмен   іштегі  қайнаған  қарбалас  мысымды  басты. Қорқа-қорқа  қабылдау  бөлмесіне  ендім.  Аты-жөнімді түстеп,  түсіндірместен  жиналыс  болады  деді  хатшы апай. Бауыздаудың алдында тұрғандай діріл дегбірімді қашырып, қорқынышқа қамала бердім. Көз алдыма ре-дакторлардың, редакторы болған Шерхан Мұртаза мен оның шекпенінен шыққан қабырғалы қаламгерлер келе қалды. Асқан жауапкершілік пен ұқыптылықты қалайтын мамандықтың тұма тазалығын шын сезінген адам осы-лай әсершіл болса керек. Демде, редакцияның аурасы билеп  алды.  «Сәл,  күте  тұра  ғой,  өндірістік  жиналыс біткен  соң  редактор  қабылдауына  шақырады»  –  деді хатшы апай. Сонда ғана шашыраған ойымды жинадым. Отырсам опақ, тұрсам сопақ болған мен үшін редактор кабинетіне кіру оңайға соқпады. «…Сөз бен тездің адамы шығар, жазғанымды жақамаса ше, мүмкін ұрсып берер, жо, жоқ мүлдем сөйлеспеймін дер, әлде жазғаның бала-ның былдырағы дей ма…» – деген дүдәмал долбарлар мазалай берді. «Редактор шақырып жатыр, кірсін дейді» – деді хатшы апай. Алға басқан аяғым артқа кетіп, имене, иіле бөлмеге ендім. Өзім көрмесем де атын газет бетінен оқып жүрген тілші-журналистер түгелдей жиналған екен. Ана  біреуі  мүлдем  түсі  суық.  Көзіндегі  көзілдірігі,  оның ар жағындағы өткір жанары ішімдегіні білетін сияқты. Ал мына біреуінің қабағы қалың екен. Қит етсең ұрсып бере-рдей. Қалған кісілер осы қауіпті екі адамнан қорғап алар періштемдей күлімдеп қана қарсы алды. Төрде отырған редактор  көп  кідіртпеді.  «Әріптестер,   уақыттарыңыз-ды  алмайын,  жұмыс  шаш  етектен.  Өздеріңізге  айтқан нарынқолдық  жігіт  алдарыңызда  отыр.  Журналистика-ны  бітірген.  Дайын  маман.  Қояр  сауалдарыңыз  болса мархабат»  –  деді  Шыңғыс  аға.  Алдымен  бірінші  болып көзілдірікте  отырған  Төлепберген  аға  Баялы  сөз  алды. Мен  қорқатындай  жан  емес  екен.  Ұнамды  үнімен,  сәл ғана  жымиып:  «Хош  келдің!  Бұған  дейін  қайда  жүрдің? Газетке  жариялаған  екі-үш  хабарыңды  оқыдым.  «Көш жүре  түзеледі».  Талпын.  Талаптан  айналайын!»  –  деді арқадан қаққандай. Кәдімгідей көтеріліп қалдым. Келесі кезекте шашы селдіреген Дүйсен аға Досымбаев: «Өзіңе байланысты.  Жазу  ол  –  өнер.  Ағаларыңнын  айтқанын тыңда, жаман болмайсың» – деді күш беріп. Шыңғыс аға: «…жақсы  әріптестер,  егер  қолдасаңыздар  қатарымызға қосайық»– деді күлімдеп.

       Міне,  содан  бері  Шыңғыс  аға  Тұрсынов  жур-налистика  саласында  тікелей  тәлімгерлік  тәрбиешім болды.  Газеттің  оң-солын,  қызық-шыжығын  жұмыс  ба-рысында  сол  кісіден  үйреніп-білдім. Журналистиканың жүрдім-бардымды көтермейтінін және де ұқыптылық пен тиянақтылық таптырмас дос-бауыр екенін мойындадым.

       Адамгершілік  қағидаты  журналистика  саласында қарым-қатынас  қана   құралы  емес.  Ол  әріптеске  деген асқан  сыйластық  пен  құрметтің  белгісіндей  биіктей  бе-реді.  Сегіз  адаммен  сырлас  болсаң  сол  сегізден  сегіз түрлі мінез бен қасиет үйрену мінсіз міндетіме айналға-лы  қашан.  Әрдайым  Шыңғыс  ағаның  редакторлық  мін-детімен  қабаттаса  өрілген  елеулі  еңбектері  шабытыма қанат бітіріп, арманыма адым аштырды.

       Үлкенге қарап бой түзеу, ой түзеу жас маман ретін-де менің ғана әдетім емес. Кімде болса алдыңғы буын ағалардан ақылдың кенін алып қалғысы келеді. Ол ойым өзімді  әлі  студент  санайтынымнан  да  болар.  Өйткені студент сөзі латын тілінен қазақ тіліне аударғанда – ын-тамен оқушы, ізденуші деген мағына береді. Сондықтан төрт  жылдық  білім  алдым,  оқыдым-тоқыдым  деген түсінік менен алыс ағайын. Осы мақсатпен редактордың әрбір  әдепті  ісін,  редакцияның  оты  мен  кіріп,  күлімен шыққан  еселі  еңбегін  санама тоқи жүрдім.

       Кезекті  жұмыс.  Газет  қы-зметкерлері  комбайн  маши-насы  секілді  алдына  келгенді жапырып,  нөмірден-нөмірге дейінгі  мақалаларды  әзірлеп жатқан. Жауапты хатшы болған соң  суырмамда  үш  айдан  бері жатқан  ононимді  хатты  редак-торға ұсындым. Шыңғыс аға ав-торы  белгісіз   жазбаның  мәнін ұғып,   жедел  нөмірге  әзірлеуді тапсырды.  Бір  ғана  адамның тағдыры  емес,  бақандай  бір ауылдың  атына  кір  келтірген мекемеге  қарата  жазылған хатқа  тілшілік  түзету  енгізіп «Айтпасқа  амал  қалмады» тақырыбымен жарияладық.

        Газет   баспаға  кеткен  екі күннен  кейін  редакцияға  те-лефон  соғылды.  Аты  сынға алынған мекеме басшысы екен. Өкпе,  ренішін  айтып,  ононимді хаттың  түпнұсқасын  сұратты. Авторы  белгісіз  хаттың  көшір-месін қолына беріп тұрып: «Сіз ренжи көрмеңіз. Бұл хаттың редакцияға келгеніне үш ай болды. Белгісіз нөмірмен үлкен жастағы ана хабарласты. Аты-жөнін айтпады. Хат иесі өзінің ғана емес өзіндей он-шақты  отбасының  ата-аналары  атынан  жазғанын  және аттарын атап жазса, бас бұзарлар шөбін өртеп, малын ұрлап,  қиянат  қылатынын  білдірді.  Сондықтан  «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» екенін ескеріп, көмек көрсетуді  қолға  алдық»  –  дедім.  Басы  бәйгеге  түскен мекеменің  басшысы:  «сені  құрттырам,  дәлел  жоқ»  деп айналып  шығып  кетті.  Шындығында  ертесі  шу  болды. Тиісті мекеменің басшысы сынға алынған ауылға барып 50-ге  жуық  адамның  басын  қосып,  жиын  жасады.  Сөй-тіп, хаттағы сыни көзқарастың бұрыстығын дәлелдейтін елу  адамның  қолы  қойылған  қағазды  газетке  жолдады. Тоқетері, аяғында газет кінәлі болды. Білдей бір редак-цияны  жер  қаратқан  менің  де  басым  дауға  қалғандай ұяла бердім. Шыңғыс ағаның жүзіне қалай қараймын деп жүргенде: «Сен бәрін дұрыс жасадың. Журналистке тән мінез таныттың. Сенің арқаңда әлгі арақ ішіп жүрген не-мелер қатесін түсінеді»– деп ақылын айтты. Иттей талап, терідей илеуге әзір сынға іліккен басшының ендігі жерде менімен ісі болмады. Шыңғыс аға редактор ретінде мені қолдап, қорғап алды.

        Аптаның  алғашқы  күнінде  болатын   летушкада таяқ  жеудің  орнына  қолпаш  көрдім.  «Сенің  «айтпасқа амал қалмады» мақалаңнан ел газетті оқитынын білдік. Ононимді хаттардың алдымен авторын анықтап ал. Ал-дағы журналистік жұмысыңа үлкен сабақ болды» – деп Шыңғыс аға әкелік танытты.

       Бұл бір жасаған қателік дейсіз бе? «Арда бұзау ары-станнан қорықпайды» деп талай тасырқаған кезім бол-ды.  Журналистік  қомағайлықпен  ауыл  әкімінің  айыбын бетіне бастым. Шақырым мен метрден қателесіп шатаққа ұрындым. Мемлекеттік маңызы бар мақаланы соңғы бет-ке салып сорым қайнады. Тағысын тағы тағасыз тайға-най бердім. Соның бәріне редактор ретінде емес, әкелік қомқорлықпен түсіне қараған еді.

       Дөй  дауылдарда  толқындардың  тіресінен  тас-талқан  болмауға,  «апанауыз  адамдарға»  жұтылып  кет-пеуге, ар мен арамдық айқасында тұтылып кетпеуге, ел елей бермейтін ноқат нүкте мен имек үтірдің тағдыр ше-шер мәні мен маңызы барын осылайда-осылай түсінген болатынмын.

Қалам мен қалақ қатар

ұстадық

       Шыңғыс  аға  Тұрсыновтың  еңбегінің  арқасында  ре-дакцияның  бұрынғы  ғимараты  қайтадан  газетке  бұйыр-ды. Иін тірестіре отырған аудандық жер бөліміне тиесілі аядай  кеңседен  екіқабатты ғимаратқа  көшуіміз  менің де  шығармашылығыма  жол ашқандай.  Редактордың  көп-тен  жөндеу  көрмеген  ғима-ратқа  бір  құрылыстың  қажет деген  ұсынысын  ұжым  болып қолдадық.  Облыстағы  20  ау-данда  жоқ  газет  кеңсесіне заманауи  құрылыс  жүргізіп, жағдай жасауды өзге емес, өз міндетімізге алдық.

       Борышымыз  санаған болар  істің  басында  Шыңғыс ағаның  өзі  жүрді.  Сызылған жоба  бойынша  бөлмелерді жеке-жеке  бөлетін  болдық. Екінші қабатты түгелдей газет қызметкерлеріне арнадық.

       «Шығармашылық  адамы жеке  отырғаны  дұрыс.  Ал  ре-дактор  орынбасарлары  мен бөлім  меңгерушілеріне  де бөлме қарастыралады. Тіптен газет  дизайнері  мен  жауап-ты хатшының, әріп теруші мен есепшінің жеке кабинеті болады» – деп Шыңғыс аға ойын ортаға тастады. Қуана келістік.  Көз  алдымызға  жарқыраған  бөлмелерде  же-ке-дара  жұмыс  жасайтынымыз  елестей  кетті.  Құрылыс схемасының тағы бір тиімділігі жаңа байланыс жүйесінің жобасымен  сәйкестігі.  Әлеуметтік  желі  арқылы  ішкі  ре-дакциялық  жұмысты  жеңілдету  басты  міндет  саналды. Яғни, журналист бөлмеден-бөлмеге қағаз тасуын қойып, газет беттеу орталығына интернетпен мақаласын жібере алады. Бұл біріншіден алтын уақытты үнемдеудің ақыл-ды айласы болса, екіншіден журналистердің оперативті жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды.

       Ұрыс та тұрыс жоқ. Үлкен-кіші демей тайлы-тұяғы-мызбен қара жұмысқа қойып кеттік. Редакцияның едені-нен бастап, төбесіне дейін қыруар еңбек еттік. Табаны-мыздың  астын  цементпен  тегістеп,  бетін  кафельмен жымдадық. Қабырғаларын кірпішпен бөлмелерге бөліп, заманауи әкпен әрледік. Есік-терезелеріне пластик орна-тып, ішкі төбесін декормен қаптадық. Ғимараттың сырт келбетін  де  көз  тартарлықтай   кейіпке  келтірдік.  Шаты-рын ауыстырып, алтай қысқа қамдап, ішкі жылу жүйесін іске қостық.

       Қарқынды  жұмыста  қарымыз  талып,  қалпағымыз қисайған  жоқ.  Арбаны  да,  сындырмадық,  өгізді  де  өл-тірмедік.  Аудандық  апталық   аптасына  үздіксіз  шықты. Оның  да  қиюын  Шыңғыс  аға  келтірді.  «Газет  қай  кезде де  тоқтамау  керек.  Түске  дейін  газет  шығарамыз,  тү-стен  кейін  құрылыс  жасаймыз.  Сіздердің  журналистік, құрылысшылық  мүмкіндіктеріңіз  сарапқа  салынады. Шылбыр, тізгінді тең ұстаңыздар!» –деді нақтылап.

       Алдыңғы  ағалардың  ақылымен  «ауылымыздан адасқан  жоқпыз».  Иемберді   Тастанов,  Дүйсен  Досым-баев, Төлепберген Баялы, Қуаныш Тастанқұлов, Сырым Тұрсынов,  Елшат  Батырханов,  Ғани  Бейқұтбай  және осы жолдарды жазып отырған автор бастаған құрылыс-шы қауымның, Биғай Ақшалова, Рыскүл Дүйсенбекова, Гүлжан Ермекбаева, Қарлығаш Бокшинова, Лаура Қара-сартова қоштаған әйелдер отрядының еңбектері елеулі. Осы кісілердің барлығы түске дейін қалам, түстен кейін қалақ ұстап, жұмыс жасады.

       Ақиық  ақын  Мұқағали  Мақатаев, сексен  жасыңа  дейін  соңыңнан  сегіз сөз  қалдырмау  өмірдің  босқа  өткені десе,  орыстың  белгілі  жазушысы, фотокорреспондент  Василий  Песков: «Орашолақ  орынсыз  нәрсеге  қалам сілтеп,  қалғымалы  ойда  қадіріңді кетіргенше  жазарыңды  жөндеп таңдап ал» –дейді. Расыменде әр қа-ламгердің өмірлік өз кредосы болады. Шыңғыс аға Тұрсыновтың жазушылық жолға  ерте  бастан  араласқанын шығармашылығынан  жақсы  білеміз. «Махаббат  мұңы»,  «Қош  бол,  Аль-бом»,  «Білімнің  мөлдір  бұлағы»  атты авторлық кітаптарынан бөлек, «Айна-лайын атамекен ақ мекен», «Аспанта-улар  аясында»  сынды  аудан  журна-листерінің  творчествосына  арналған жинақтарға   жанын  жалдай  ат  салы-сты.  Бұдан  басқа  «Ғасырға  ұласқан ғұмыр»,  «Отты жылдар  шежіресі», «Оразды  елі  ұмытпайды»  жинақта естелік-эсселері жарық көрген.

Шығармашылығы шарықтай береді

        Әрдайым  ізденіс  пен  талпыныста  еңбек  ету  – қажыр-қайратты  талап  етеді.  Ал  қажыр-қайратты шығармашылық рахатынан тапқан адам ешқашан шар-шамайды. Өз ісін сүйген, құрметтеген мен көрген редак-торлардың  ішінде  Шыңғыс  аға  Тұрсыновтың  еңбекқор-лығы жоғары бағаланады. Қырық аспай толысып, елуге келіп езіліп, талантын тот, шығармашылығын шырмауық басқан кержалқаулар қатарынан емес. Қашанда ізденіс үстінде жүретін. Оған талай көз жеткіздім.

       Таң  қылаң  бере  редакцияға  келіп,  қолын  артына айқастырып кабинетінде арлы-берлі ой кезетін. Газеттің қара  жұмысы  былай  тұрсын,  бір  жылғы  жоспарын  ал-дын-ала  қамдап  қоятын.  Сондай  сүбелі  еңбегінің  бірін Ұлы Жеңістің – 70 жылдығына арналған «Қайран ерлер, қаһарман – ардагерлер» атты кітап шығару барысында байқадым.  Жаңылмасам  екі-үш  айдың  ішінде  ауданы-мыздың ауыл, елді-мекендерінен Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің өмірбаяндары жинақталды. Оларды аяғымызбен  іздеп  тауып,  материал  әзірлеген  де  бола-тынбыз.  Сонда  аудандық  «Хантәңірі»  редакциясы  жа-нынан  құрылған  М.Мақатаев  атындағы  әдеби  бірлестігі күн-түн отырып, ұйымшылдықпен жұмыс істеді. Ойымыз бен  көзқарасымызды  бір  арнаға  тоғыстырған  Шыңғыс ағаның басшылығымен сол кездегі аудандық ақсақалдар алқасының  төрағасы,  Райымбек  ауданының  Құрметті азаматы  Совет  Оразаев  ағамыздың  атынан  262  беттік тарихи-танымдық кітап мерзімінде дайын болды.

        Бұл менің журналистік еңбек жолымда алғашқы үл-кен  шығармашылық  жұмысым  десем  артық  айтқандық емес. Аудандық «Хантәңірі» газетінің журналистері әзір-леген кітаптың тұсаукесері мәдениет үйінің сахна төрін-де кесілді. Еңбегіміз ескерілді. Ұжымдық жұмысымыздың ұйытқысы болған ауызбіршілігіміз арта түсті. Сол кездегі аудан әкімі Жанат Тәжиев газет қызметкерлеріне асқан сенім артып, творчестволық табыс тілеген еді.

        Журналистік  ізденіс  әрдайым  жаңашылдыққа  жол ашады. Асқан сенім арқалаған тілші қауымы тағы бір тың жобаның жалына жабысты. Нақтырақ айтқанда, Шыңғыс аға  Тұрсыновтың  ізденісінің  арқасында  2015  жылдың шілде  айында  бабамыздың  құрметіне  облыстық  «Рай-ымбек» атты саяси апталық жарық көрді. Оқырманға жол тартқан басылым Стахан Белғожаевтай ағамыздың де-меушілігімен  жаңа  дизайнда  жаңаша  бағыт  түзеді.  Бес жылдың ішінде 270-тей нөмір әзірленіпті. Оқырманға ой салар танымдық тақырыптардағы мақалалар мен тарихи жазба-зерттеулер жарияланды. Оның ішінде Ұлт азаттық көтеріліске  байланысты  материалдар  үздіксіз  шығып тұрды. Сондай-ақ, батыр бабаларымыздың ерлікті істері мен  ақиық  ақын  Мұқағали  Мақатаев  жайлы  жазылған естеліктер оқырманнан оң баға алды. Бүгінде басылым-ның 5000-ға жуық тұрақты оқырманы бар.

       Осындай ордалы істе екінші мәрте шығармашылық топтың қатарында болғанымды мәртебе санаймын. «Асыл  –  асылға,  нәсіл  –  нәсілге  тартады»  –  дей-ді.  Шыңғыс  аға  Тұрсыновтың  ұлы  Сырым  Тұрсынұлы әкесінің нақ қолғанаты болғандай. Қолдан қамал, сөзден сарай тұрғызған азаматтың іскерлігімен Шыңғыс ағаның шығармашылығы  шарықтай  береді.  Зейнеттегі  редак-тор  құрмет  демалысында  жүріп-ақ  қолынан  қаламын тастамапты.  Өндіре  жұмыс  жасауының  арқасында  осы жылдың  қараша  айында  «Болашақ»  баспасынан  «Түн. Мөлдір сезім. Ғашықтар» атты кітабы жарық көрсе, жел-тоқсан айында әңгімелері мен новеллалары, очерк, эс-селері топтастырылған «Жылдар, жылдар» кітабы қолға тимекші.  Сонымен  қатар,  бала  кезден  арманына  арқау болған  журналистік  жұмыстарын  жырлайтын  «Өмір-ай сырғып өткен» шығармалар жинағы баспаға әзір.

       Уақыттың қадірін алтыннан артық ардақтайтын Шыңғыс аға Тұрсыновтың келбетін бір мақалаға жүктеу мүм-кін емес. Ағамыздың азаматтығы мен парасаттылығын алдыңғы буын ағалар айта жатар. Мен білетін Тұрсыно-втың тұлғалық болмысы бір журналистика саласымен шектелмейді. Табиғаттың төрт мезгіліндей адамның да қысы мен жазы, көктемі мен күзі болады. Әлі-ақ ағамыздың жазын жырлап, қысын қырлап, күзі мен көктемін көр-кемдеп жаза жатармыз. Әл-әзірге жетпісіңіз құтты болсын! Аспантаудың ақбас асқар шыңдарындай бедел биігіңіз арта берсін. Ақсақалды аманатыңыз адамзаттың асыл қазынасына айналсын.

Серікжан МУРАСИЛОВ,

журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password