БИЕСІ БАЙЛАУЛЫ, ҚЫМЫЗЫ ҚАМДАУЛЫ немесе жылына 3,5 тоннаға дейін қымыз өндіретін ана

      Кезекті іссапарымыздың тұсында Райымбек ауданындағы Төтенің өңірінде еңбекқор отбасын кездестірдік. Өмірлік игіліктерін, несібелерін қарапайым еңбектерімен тауып жүрген жандар екен. Райымбектей батыр бабамыздың еңселі ескерткішінен өткен соң көп ұзамай жол шетіндегі көзге түсетін қос қыстаудың бірі солардың қысы-жазғы мекен жайлары. Көрікті қарағайлары көрік берген тамаша табиғатына толы өңірде өмірлерін өткізіп келе жатқандарына бірсыпыра жылдар болыпты. Отағасы Әкпар Ғымынқожа осы бір құтты да берекелі жерде төрт түлік малын өсіріп келеді. Отар қойы бар. Өздеріне жетерлік жылқы, сиырлары да жылда төлсіз емес. Ең бастысы, үйдің шуағы мен шырағындай отанасы Нұрбүбі Әнжебектің айналысатын шаруалары бізді қызықтырмай қойған жоқ. Ұлтымыздың емдік қасиетіне толы қастерлі сусыны – қымызды өндірумен тұрақты айналысады. Мамыр айының шуағына толы соңғы күндерінен-ақ он шақты бие байлатып, қазағымның бал қымызын өндірумен, оны ысталған күбіде дайындаумен әр күнін өткізеді. Тұрақты сұраныс иелері бар. Әсіресе, қала жақтан келе жатқан жандар алдын-ала қаражатын төлеп қойып, кетерлерінде ала кететін болып шықты. Әлемді алаңдатқан биылғыдай қауіпті індет кезінде ұлтымыздың қымызының дәмі де, бағасы да артты. Биыл әр литрін 500 теңгеден өткізіп отырыпты. Орынды. Сағат сайын уақытылы биені сауып, қымыз дайындаудың қиындығы жетіп-артылады. Нұрбүбінің күнделікті жұмысы онымен бітпейді таң ағарған тұрып, он сиырын сауады. Одан маңызын, сары майын, құртын, ірімшігін әзірлейді. Сиырдың сүтінен жасалатын дәмді тағамдары да жерде қалып жатқан жоқ. Сұраныс иелерін ренжітпейді. Қымызымыздан бастап ұлттық тағамдарымызға жетер не бар десеңізші, шіркін?! Осылайша тынымсыз еткен еңбек, маңдай терімен Нұрбүбі де шаңырақтарының ырысын кіргізіп, берекесін арттырып келеді. Ойлаңызшы, күніне 40 литрге дейін қымыз дайындайтын Нүрбүбі жаз маусымындағы 3 айдың ішінде 3,5 – 4 тоннаға дейін қымыз өндіріп тастайды екен. Бұл жақсы дүние. Жақсы еңбек.

        Әкпар мен Нұрбүбідей қарапайым еңбек иелерінің «Аңсар» атты шаруа қожалығының да жағдайы жақсы. Төте деп аталар өңір малға аса жайлы жер. Мұндағы мал қысы-жазы өріске жайылып қайтады. Дегенмен сиыр мен ұсақ мал үшін қосымша мал азығы дайындалады. Әкпардай шаруашылықтың басшысы малдарына арнап жайлы қора тұрғызып тастапты. Олардың қымыз бен маңыздың иісі аңқыған шаңырақтарынан 3 ұл мен 2 қыз өсіп-өніп отыр. Әсемгүл мен Динарадай қыздарын ұзатып, өрістерін кеңіткен. Ерлан, Айдар, Аңсар атты ұлдары бар. Ұлдарының алды үйленсе, отау көтерсе, келін түсірсек, немере сүйсек деген асыл армандары жоқ емес. Бір Алламыз қуат берсе, ол күннің де ауылы алыс емес шығар. Біз Төтенің асуындағы Әкпар мен Нұрбүбінің шаңырағынан жақсы көңілмен аттандық.

Қанат Біржансал,

журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password