БЕРЕРІ КӨП ТҰҚЫМ ОТЫРҒЫЗЫЛУДА

   Тәңіртау етегінде тұратын ел мен жұртты, қасиетті қара жермен айналысып келе жатқан диқан қауымды асырап отырған ырыс көзінің бірі – картоп дақылы. Теңіз деңгейінен екі мың метрге дейінгі биіктікте орналасқан, ауасы тұнық, суы мөлдір, топырағы құнарлы өңірде өсірілетін картопқа деген сұраныс мол. Райымбек ауданы өз алдына қайта қалпына келген кезде  облыс әкімі А. Баталов қолдау көрсетіп, шаруа қожалықтарына 500 миллион теңгеге Голландиядан  супер-элиталық «Санте», «Агрия» атты тұқым сатып алуларына мүмкіндік жасаған еді. Оның сыртында 3 сервистік-дайындау орталықтары 500 миллион теңгеге 21 трактор, 72 агрегат  алған болатын.  Аудандағы картоп өсіру бағытында құрылған  бірнеше өндірістік кооперативтердің  де еңбектері елеулі.

   Биылғы көктем маусымында аудан бойынша картоп көлемі 6050 гектарға жеткізілсе, оның ішінде 3000 гектарға голландиялық берері көп тұқым отырғызылды. Екінші нан саналатын картоп өсіруде  Қақпақ ауылдық округі диқандарының үлес салмағы жоғары. Биылғы жылы округ бойынша 750 гектар жерге картоп отырғызылды.

—  Ауылымыз сулы, нулы жерге орналасқандықтан тұрғындарымыз картоп пен көкөністі жақсы өсіреді. 750 гектар картоптан бөлек 537 гектар дәнді дақыл алқабы, 15 гектар көкөніс бар. Орайы келгенде Ғани Сыдықақынов басқаратын «Бақыт» шаруа қожалығының атына жылы лебіз білдіруге болады. Олар биыл 30 гектар жерге картоптың берері көп сортты тұқымын отырғызды. Оның сыртында 50 гектар жерге арпа екті. 50 гектар күздік бидайлары жақсы жетіліп келеді. Нұрлан Құдиярбеков, Нұрбол Анарқұлов басқаратын шаруа қожалықтары да картоп көлемін ұлғайтып, сортты тұқыммен жұмыс жасауда,-дейді Қақпақ ауылдық округінің әкімі Жұмаш Әлімғожаев.

    Біз Қақпақ ауылындағы Берік Сатыбалдиев жетекшілік жасайтын «Бақыт-1» шаруа қожалығының картоп алқабында болдық. 10 гектар жерге картоптың голландиялық «Санте», «Агрия» тұқымы отырғызылып жатыр. «Бақыт» шаруа қожалығының механизаторы Бағдат Сыдықақыновтай азамат жаңадан сатып алған «Беларусь  921,3» маркалы тракторы, картоп отырғызатын агрегатымен көмектесіп, істеріне дем беруде. Биылғы жылдың басынан бастап картоп өсіру бағытындағы құрылған «Үш Қақпақ» атты өндірістік кооперативтің басшысы Бақыт Қуанды да осы жерден жүздестіріп, бастап жатқан істеріне сәттілік тіледік.

                                                                               Қанат Біржансал,

                                                                               Қақпақ ауылы.

Суретте: «Үш Қақпақ» өндірістік кооперативінің төрағасы Бақыт Қуан мен «Бақыт» шаруа қожалығының механизаторы Бағдат Сыдықақынов.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password