Берекесі тасып, ырысы шалқыған

Әр көкіректегі әрлі ойлар, пайымды пікірлер оқырман ойында жүрсе дейміз.  Ондай ниеттен туындаған   хат-хабарларды сұрып-сараптан өткізіп, жедеқабыл жариялауға асығамыз. Мана төменгі  мақалада автор аудан аумағында атқарылып жатқан, атқарылуға тиіс  ілкімді істерге тоқталған. Торқалы істің, табысты, жарысты сәттерін сырмақтай сыра тігіп, көңілге көрікті тоқи білген екен.      

                                                      Көрікті мекен

      Төбесінен асқанша күн шаршап, бауырын сызып әрең өтетін көк найзаның ұшындай жалтылдаған күміс шыңдар –  ер жүрек бабалардың рухындай биіктен қарап,  аналардың арындай әппақ қарға оранып, қапталдай өскен қалың қарағай иығына жамылған сеңсең ішіктей әсер қалдырады. Немесе көңіліңнің көкшіл тұйғынын биікке қанат қағуға шақырып,  қиялыңды алып таудың белінде жүзіп бара жатқан ақша бұлттарға қондырып елітіп әкетеді.  Неткен әдемі. Неткен өрлік. Неткен сезім. Ойың- ойдым-ойдым қазан сайларға қайқы-қайқы кезеңдерден,  өркеш белдерден,  қия беткейлерден сырғанап, санаңда мұзбалақ қанаттанып,  кеудең көктемгі көбелек қыдырған сая бақтай абаттанып, сергек күй кешесің. Көңілің қамыс кірпікті күміс көлдерімен бірге толқып, бір жағалаудан екіншісіне жүгіре жөнеледі. Айнадай жарқырап- үңіле қараған небір  сұлулардың ажарын тербетіп тұрғандай үздіктіріп, сүзіле көз салып сезімің билейді. Қаздың қаңқылымен қалықтап, аққудың гәккуімен аспандап,  тұңғиығына түрлі сыр жасырып, күндіз күнді құшақтап, түнде ай-жұлдыз шомылып ғажайып күйге шомдырады. Қас сұлуды көргендей аңтарылып қарай бересің, қарай бересің!  Жаратқан қыл қаламыңның қиыс кеткен жері жоқ қой деп таң қаласың.  Тау өзендері күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мінген бабалардың арқырап, күркіреп өрлігі жайлы жыр оқып жатқандай бүлкілдейді. Қазандай тастарды қаңбақтай домалатып, уақыт тың асау ағысына шыдамай қираған қамалдар мен құмға айналған құла тауларды көз алдыңа әкеледі. О, біздің қанымызда да осындай қайсарлық, осындай асау арын ойнап жатқан жоқ па еді… Осынау тұмса табиғаттың тылсымын, асқақтығын,  тазалығын санамызға сіңіріп, жүрегімізге төңкеріп алған едік қой… Анамыздың ақ сүтіндей бұлағын еміп, құрағын жөргек қып ер жетіп едік қой. Текестің өзеніндей қырсығып өрге аға салатын, Байынқолдай бұлқан-талқан болып, қалқаныңа қылышым деп кететін мінезіміз де осы табиғаттан екен ғой.

   Е, қайран табиғат сені танып-білудің өзі үлкен ғылым ғой. Сұлулығыңды көру үшін бақырайған көз емес, жерұйықтың аузынан түскендей көрікті келбетіңе ғашық жүрек керек екен ғой.  Ал, ол жүрек бізде бар ма?

   Шапқылаған бұлақтары былдырлап балалық шағыңның елесіндей қолды-аяққа тұрмай жүгіріп,  өткен күннің естелігін сақтап қалған,  нағыз мөлдірлігін сақтап қалған куәгерлер іспетті. Көңілі осы бұлақтай тұнық, жүрегін жуып алғандай кіршіксіз таза жақсылар мен жайсаңдардың мекені еді ғой бұл жер. Сол көрікті көңіл, сол тау суындай таза жүрек бар ма бізде? Әлбетте жоқ болуы мүмкін емес.

   Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай суыққа тоңдырмай құстай қанатының астына басып, тұмсығымен жем тасып өсіріп, қанаттандырған Шоған абыздың мекені емес пе бұл. Бұлағын аузымызға тосып, құрағын астымызға төсеп желдің ызғарынан қалқан болған- алып тауларымыздың өзінен аумай қалған алыптар шыққан аяулы мекенім-ай. Әділеттің қара қазығындай әлсізге қорған, әділетсізге зордан болған тілі сүңгіден сүйір Сүйіндік бидің сұңғыла бейнесін сомдауға да өзің атсалысыпсың ғой. «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта» дегенде де арсыз қылжақ емес, мәнсіз кекесін емес,  жұрттың жыртысын жыртып, намысын қорғайтын, қауып сөйлемейтін тауып сөйлейтін, қара қылды жарып сөйлейтін туралығын айтса керек еді.

   Қайран табиғат қай қасиетіңді айтып тауса аламыз. Қызыл кітапқа енген «қызыл қайыңыңды» қырқымда жүргендей қырып ала жаздаған едік. Тура өспей түрлі заманның иірімін еске салғандай бұратылып, ширатылып бой түзегені қыйлы заманнан өтіп, осы күнге жеткенімізді ескертпей қайтсін. Жыртылған парақтай буда-буда болып тұратын қызыл қабықты осы өсімдік Ұзақ, Жәменке, Бегдайыр, Тұрлығожа батырлардың ел үшін, жер үшін төгілген қанынан өніп шыққандай, осынау жазиралы мекен үшін жанын шүберекке түйген боздақтардың ғұмырын назарыңа сала беретіндей көрінеді.

Атқа мінер ұл туды деп аршаны бесік қып,  шырғанағын несіп қып өзіңмен біте қайнасып кеткенімізді ұмытуға болар ма.

   Арқасын Алатауға тіреп ақыл айтқан Әлмеректей дана да,  арыстандай ақырып, ата жұртты азат етем деп ереуіл атқа ер салған Райымбектей баһадүрдің де сенің топырағыңа кіндік қаны тамып,  кірі жуылып еді.

Сен осынша қадірлі болмасаң Көдек ақын:

 Туған жер ыстықсың сен маған,

Жайнай бер жазира кең далам.

Бел асып алысқа кетсем де,

Шалкөде мен сенің бел балаң,-  деп бір көруді аңсап, тілеуіңді тілеп зарланар ма еді.

Мұқағали:  Туған жер сағындырды келді есіме,

Өзім кепіл енді оны көрмесіме,- деп сағыныштың сал шекпенін жамылар ма еді.

                                                 Ауыл –  алтын бесік

   Осы көрікті мекенді одан ары көркейтіп, абаттандырып, қу ағаштың бұтағындағы қарғаның ұясындай қылмай әлпетін бері қарату әр саналы азаматының міндеті. Бір кездегі сүзекке шалдыққан адамдай қалпынан айығып, бойына қан жүгіріп, ажарланып келе жатқаны көңіл қуантады. Кешегі дуалы ауыз қариялар «ауыл-алтын бесік» деп бекер айтпаған шығар. Сол қарттар артынша «ел болам десең бесігіңді түзе» деген екен. Аудан орталығы Нарынқолға ауысқалы етбеттеп кете жаздаған еңсе тіктелгендей болды. Оған еңбек сіңірген азаматтар аз емес. Обылыс әкімі Амандық Баталовтан бастап, қазіргі Талғар ауданының әкімі Жолан Омаровтар жүгіріп жүріп еңбек етті.

   Осы ауданымыздың озығына да, тозығына да бір ауыз лебіз білдірмесек ол да дұрыс болмас деп түйдік.  Табиғаты сонша әдемі жердің халқының тұрмысы да тұраламай, әдемі болса екен деген ой бәріміздің ішімізде бар. Қайнарды көріп көркіне қайран қалып,  Текесті көріп ұятымызды тезге салып алатынымыз да сондықтан. Даладай көшелерінің дала-дала, жыртылған атыздай болып жатуы көңіліңді түсіреді. Дегенмен,  ұзын көшенің бойында екі жанұя ғана тұратын болса ол жерге көше салу да тиімсіз. Орталық көшенің өңін кіргізіп қойса, қалғаны ары қарай бір жолға түсер. Бұл да алдағы жылдары шешілетін шаруа екені анық.  Былтыр Қақпаққа су кіргізіп,  мектебіне жөндеу жұмыстары жасалынып, біраз игі шаралар атқарылыпты.  Лайым осылай алға жылжый берсек гүлденуден басқа жол жоқ.

Шалкөде жайлауына кіре берісте Тұзкөл деген ауыл тұр, ел қалаға ұмтылғанда үдере көшкен ауылдың бірі осы. Екі көшеден тұрады. Екі көшесіне тұрғындар өзі қаражат жиып тас төсеткен. Мұндай тұрғыны аз ауылдарды жанындағы ауылдарға қосуға болар еді бірақ, ол мүмкін емес екен. Осындай ауылдың бірі Тегістік. Аудан әкімі бұл ауылдардың бәрін аралап көріп, болашақта ауылдардың аяғынан нық тұруына барлық шаралар жасалынатынын айтқан. Бәрі ақырын-ақырын іске асатын шаруа. Талас, Шалкөде ауылдарының құлпырып шыға келуі де болашақтың еншісінде.

                                                   Жас келсе іске

 Ауданымызға жас мамандардың қайта лек-легімен келіп, шапқылап еңбек етіп жатқаны келешектен көп үміт күттіреді. Көңіл қуантады. Бір кезгі урбанизациялық процесі көрсетіп бергендей жастар қай жерде жақсы өмір сүруге мүмкіндік бар сол жерге барады. Ал, сол жерді ары қарай дамытуға, көркейтуге сол жастар мүдделі болмақ.

   Қазіргі Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов мырзаның Еңбекшіқазақ ауданын гүлдендіруге аянбай еңбек еткенін білеміз. Түрлі жобалар жасап,  жастардың тұрғын үй мәселесін де оңтайлы шешіп берген білікті маман екенін де естіп жүрміз. Ауданымыздағы биылғы жылдағы үздік жас мамандарды марапаттап, қанаттандырып тастады. Ол да жастарға үлкен шабыт, өз ісіне деген сүйіспеншілігін арттырып, өз істеріне деген жауапкершілігін еселейтіні сөзсіз.

                                                 Әдебиет ардың ісі

   Келер жылы Мұқағали атамыздың тоқсан жылдығы болмақ. Ауданда осы шараға байланысты қазірден бастап дайындықтың алғы шарттары қызу талқыланып жатыр екен. Әлбетте әзірден қамданған жөн. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келетін қонақтардың көңілінен шығу, елге белгілі жақсы- жайсаңдарды күтіп алу оңай шаруа емес.

  Осы атамыздың тойына қарсы жоспарда  көңіл қуантатын дүниелер де жоқ емес.  Ол жөнінде аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлымен сұхбат барысында  көңінен көтеріліп еді.  Аудан орталығына » Жастар алеясын» салып, Мұқағали атамызға ескерткіш орнатсақ па деген жоспары жанымызды жылытып, көңілімізді жадыратты. Осы орайда, қазақ балалар әдебиетін әлемдік биікке көтерген Бердібек атамыздың көп жағдайда ескерусіз қалатыны, сол алеяның бір шетіне жазушыға да ескерткіш қоя салса артық болмас еді деген ниет те бар. Өйткені, әдебиет құс сияқты, оның бір қанаты – поэзия болса, бір қанаты –  проза екені даусыз.

  Қазақ әдебиетіне көз жүгіртіп қарап отырсаң ақын жазушылардың тең жартысы осы Райымбек ауданынан шыққан ба деп қаласың.  Арысы Албан Асан, Көдек ақыннан бастап, Мұқағали, Бердібек, Баққожа, Сағат, Тілеужан Сақалов одан бері Тұрсынжан Шапай, Тұрлыбек Мәмесейіт, Батық Мәжитұлы, Айтақын Әбдіқал, Жанболат Аупбаев, Нұрдан Төлепбергенов, Жарас Сәрсек, Жанарбек Әшімжан, Танагөз Толқынқызы, Бақыт Беделқан, Оразалы Досбосынов, Жұматай Әміреев,  Бейбіт Сарыбай, Қанат Әбілқайыр, Мақпал Мыса т. б ақын-жазушыларымыз толып жатыр.

   Осындай қаламгерлерімізді таныстыратын,  келген қонақ бұл ауданнан кімдер шыққанын біліп кететін, жастар үлгі алып,  қанаттанатын » Рухани Орталық» керек-ақ. Бұйыртса ондай орталықтың да іргесі қаланар.

                                                 Ақынның ауылы

    Енді қайта Мұқағали атамызға оралайын.  Атамыз туған Қарасаз ауылы көркі көз тартарлық,  жолдары  тақтайдай түзу.  Халқының тұрмысы да жақсы.  Тек тасып ішетін ауыз су мәселесі қинайды. 1964 жылы тартылған су құбыры әлі қызмет атқарып келеді.  Үйді-үйге тартып алатындай жағдай жасалса керемет болар еді. Бұл мәселе де аудан басшыларының назарында жүрген жәйт, сондықтан алдағы уақыттарда шешімін тапса дейміз.

  Ауыл халқының бірлігіне көз тимесін. Өздері қаражат жинап үлкен «Спорт кешенін» салып шықты. Қазақ атамыз «дені сау адамның- жаны сау» демейді ме. Жақын күндері ашылу салтанаты да болып қалу керек. Өсер елдің тірлігі осылай болмақ.

   Ауданда екі «Өнер мектебі» бар.  Бірі Текесте,  екіншісі осы Қарасазда. Қарасаздағы өнер мектебінің жағдайы қиын. Музыкалық аспаптар да тапшы.  Мектеп іргесінен сыз өтіп, үгітіліп әрең тұр. Кезіндегі кісілер- қалай жарамды деп қол қойып кеткеніне таңым бар.  Ескі ғимарат болған соң,  мұғалімдер де жамай-жамай шаршаған. Суық күндері балалар ауырып қала ма деп зәрең кетеді.  Бірер жылда аудан әкімі жаңа ғимарат салып беру жоспарда бар деп, көзбен көріп мұғалімдерді қуантып кеткен. Ол күндер де алыс емес шығар.

                                                        Жан азығы

  «Білімдінің жүзі жарық, білімсіздің күні қаріп». Бұл сөзге ешкімнің таласы болмас. Армандамайтын адам жоқ шығар, егер болса ол адамның ақыл есінде ақау бар деп қарастыра берсек адаспаспыз. Кітап біздің дұрыс армандауымызға жол ашып, қиялымызды ұшқыр қылатын жалғыз құрал  екен. Кітап оқымайтын адамның қиялы бірақ тұтам десе де болады. Шындығында қиял адамды алға қарай жетелейтін, жалпы қоғамды алға сүйрейтін – ішкі тартылыс күші.  Ал, сол тартылыс күші бізді қайда сүйреп, қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуге әсер етті. Анау жылқыны қолға үйреткен заманнан – маймен, тоқпен жүретін ұшқыр заманауи көліктерге, ұшатын кілемнен- темір қанат ұшаққа , айлап,жылдап хат-хабар ала алмаған сағыныштан – вертуалды   әлемге дейін алып келді. Кітапсыз қиялды дамыту мүмкін емес. Кітап оқымаған адам тұнық мақсаттар құра алмайды. Қандай кітаптар оқу керек, әлбетте көркем әдебиет. Ал, қалған кітаптар жұмысыңа байланысты инструкциялық, теориялық, жоспарлық т.б екінші орында. Өйткені, көркем әдебиет адамның өзін қалыптастыруға, дұрыс мақсат құруына, өзін тануға, әлемді тануына, ұшқыр қиялдауына , адамзаттық деңгейде ойлануына, болашақ ұрпақ тәрбиелеуіне зор ықпал жасайтын бірден бір құрал. Осы орайда ұлы классиктердің  шығармасы толық қанды адам қалыптастырудың қайнар көзі. Алла тағала адамзатқа пайғамбарлары арқылы  машина жіберген жоқ, компютер жіберген жоқ, кітап жіберді. Кітап оқыған, ойланған адам баласы бүгінгі жаһандану дәуіріне жетті.

 Президен  Қ.Тоқаев мырзаның жарлығымен мәдениет саласындағы қызметкерлердің , кітапхана қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі дегенде қатты қуандым.  Мәдениетті адам қалыптастырудың нағыз ошағы – кітапхана. Батыс ғалымдарды мәдениетті тілмен байланыстыра зерттейді. Өйткені ,тіл -адамның мәдениетін аңғартатын, танытатын салалық ұғым. Осы орайда, кітапхана қызметкерлерінің жауапкершілігі жоғары. Аудандық кітапхананың қызметкерлеріне шын пейіліммен ризамын.  Жұмыстарын жоғарғы деңгейде атқаратын, еңбеққор кісілер. Кез келген жазушының немесе ақынның туған күні бола қалса, соған байланысты оқырмандарды шақырып шара ұйымдастырып,  әлемдік классиктердің кітаптарын талқылап, оқырмандармен керемет байланыс жасап жатады. Мектептерді аралап оқушыларға кітапты насихаттаудан жалықпайтын осы ұжымға еңбетері жемісті болсын демекпін!               

                                             Қуантар еді…

     Әлемдік мәдениеттің тарихы өте тереңде екені белгілі. Ал, Отырар қаласына жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде акте

рдың маскасы табылуы біздің де театр тарихын арыдан қопаруымыз керек екенін дәлелдеп берді. Мұндай құнды жәдігерлер болашақта да мұражайдағы қорымызды көбейте береді деп үміттенеміз. Мәдениет – адам бойындағы тәлім – тәрбиенің көрінісі. Жанның түрлі қайшылықтар арасында арпалысуын, ақыл – сананың деңгейін, дүниетанымын ашып, қоғаммен және жеке тұлғамен байланысын көрсетіп беретін айна іспетті. Ол жеке ұлттың болмысын, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, сенімін түгелдей сақтап отырған алтын сандық. Сандықты ашқан да біз одан осының бәрін көре алуымыз керек. Оны эстрадалық болымсыз нәрсемен байланыстыру қате. Бұл парасат биігінен құлаған қоғамның ойсыздыққа ашқан есігі.

Мәдениетті адам тәрбиелеу үшін шынайы мәдениетті қозғалысқа келтіру қажет.

    Биыл Хакім  Абай атамыздың 175 жылдығы. Осыған орай жер-жерде түрлі шаралар өтіп жатыр. Біздің аудан да одан қалыс қалмайтыны анық. Абай өнегесін, Абай ұлағатын зерттеп зор еңбек еткен біздің ауылымыздан шыққан белгілі жазушы Тұрсынжан Шапай ағамыз бар. Сол кісіні арнайы шақыртып аудан халқымен сұхбат ұйымдастырса, Абайды бір табан жақын тануға, жастарымыздың санасының ширығуына, балаларымыздың аузы дуалы аталарының ақылын тыңдап «менде осы кісідей болсам» деп мақсат құруына ықпал етер еді. Аудандық мәдениет бөлімі осы істі қолға алып бір қуантар деген үміттемін.

Айбек Ережепов,

Қарасаз өнер мектебінің мұғалімі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password