Батпандай бақтың бағы мен соры

(шынайы өмір ізімен)

     Бірде қазақтың арқалы ақыны Еркін Ібітановтың үйіне бардым. Қақпадан кірмей тұрып, ол кісі туралы елден естігенімді есіме алып, қалай-қайтіп жөн сұрарымды білмей дал болдым. Оқығаным бар, елден естігенім бар ащы сусыннан дәм татпаса өлеңі құрғыр жазылмайды деп қолтығыма қыса барғам. Қақпадан аттап табалдырыққа жеткенімде алдымнан жеңгей қүлімдеп қарсы алды. Ұшқалақ мінезіммен газетке орай салған тентек суды білдіріп-ақ қойдым. Өзім бесіктен белім шықпаған жап-жас бола тұра осы «бәлені» көтеріп жүргеніме бетімнен отым шықты. Аз-кем амандықтан соң үйге кірдік. Сасқалақтап өлең жазып жүрген парақтарымды шашып алдым. Оны еңкейіп еденнен жыйыстырып жүріп әлгі «бәле» сусып қолтығымнан түсті де кетті. Абырой болғанда шағылмады. Жеңгейден жасырған жұмбағымның беті ашылып қалғанына өзіме ыза болып тұрғанда:  «Балам ағаңа бәрі арақ әкеледі. Бұл қылығыңды сөкпеймін. Ол кісі аздап ауырып жүр. Мүмкін болса бермей-ақ  қойсаң» – дегенінше болмады, арғы бөлмеден өзі де жарқ етіп шыға келді.

        – А, сен бе бағана келем деп хабарласқан. Андағы асай-мүсейлеріңді мұнда алып кел, мен келушілерді босағада емес, анау есігі ашық тұрған төргі болмеде қабылдаймын, – деп амандасқан қолымды босатты. Осы уақытқа дейін жүзіне анық қарамаппым. Расыменде ажары солыңқы, аздап ауырып тұрғанын аңғардым.

          Неде болса артынан еріп бөлмеге кірдім. Ырымшыл басым мұнда оң аяғыммен кірем деген едім, ол ойым жәңегі қорқыныштың құрсауында қалып, басымнан шығып кетіпті. Бітті бұдан басқасының бәрі бос әурешілік. Енді көтеріп келген өлеңіме тек даттау мен күстәналау  арқалап қайтамын, неге бұлай қорқақтадым жинақылық танытуым керек еді деп  өзіме-өзім ренжіп тұрғанда: «Кел жақынырақ отыр. Көрсет жазғаныңды. Қарап көрейін» – деп жұмсақтап айтты. Неден бастарымды білмей тағы қара терге түстім. Әкелген дәмнен таттырып алсам болмас пе екен деп тұрғанымда: «Өзің оқы одан кейін өзім бір қарап шығам. Мүмкін мен жаңа поэзияның қалыбын түсінбей  қалармын, тек дауыстап айт, жарай ма бала?» – деп арқаландырып қойды. Неде болса газет беттеріне бірді-екілі жарық көрген «тақпақтарымды» тақылдаттым. Бастамасы жаман емес. Бір-екеуінен кейін  дауысым  жарқын-жарқын естіліп, кімнің алдында тұрғанымды ұмытып кетсем керек: «Жарар-жарар,  осы ақындар өлең оқысақ айналамызды  ұмытып кетеміз түгі. Жаман-емес. Аяғыңды апыл-тапыл басып келе жатқан сарыауызсың. Бері әкел   андағы қағазды» – деді де қолына қаламын алды. Жақсы деген сөз жаныма жақты білем. Өзімді екі аяғын тең басқан, арқасында қанаты бар періште ақын сезініп тағы бірдеңелер айтқым кеп: «Бұл шыймай-шатпағымды жөнге келтіріп алып келуім керек еді…» – деп күмілжіп қалдым. Басын қағаздан жұлып алып бетіме тік қарады да  қайтадан  өлеңге ден қойды.

     – Шыймай-шатпақ  дейсің-ау…  олай айтуың бекер. Тегін адам өлең жазбайды. Жазса жазбай ма көшедегі көрінген!  Қара тұяқ қарында жатпайды. Әйтеуір бір күні іштен жарып шығады. Ендігі әрі ондай сөз айтпа. Тек еңбектен, көп кітап оқы,–деді.

        Қалықтап шыққан биігімнен бірақ түсірді. Екі бетімнің ұшы қызылға боялды. Тауым шағылып кең бөлмеде тарылдым. Жел соққан кемедей теңселіп барып түзелдім. Үкілеп апарған өлеңсымақтарымның ішінен үш-төртеуі жарады да, қалғандарын қызылмен белден бірдіні сызды.

       Шынымды айтсам енді ғана кең тыныстап, бөлме ішіне көз тастаппын. Өз орнын таппай артық тұрған дүние жоқ.  Бір жұпыны жазу столы, одан әрірек терезе жанында кітап сөресі қойылған. Оның іші сірескен  кітаптар. Оң  жақта төсек пен біз жайғасқан шағын кресло орын теуіпті. Бәрінен де көзімді қыздырып, көңілімді аударған ақынның  бюст ескерткіші. Соған тесіле қарап тұрғанымда:

     – Бұл өзің көріп тұрғандай дәл менің көшірмем. Кейін маған арнап қояр халқым.

       Осы сөзді айтқанда темекісін тұтатып терең ойға шомып, көзін жұмды. Оқыстан кеп қалған шабытын үркітіп алмайын деп кетуге жиналдым.

      – Аға рұқсат болса қайтайын. Жеңгем сізді сырқаттанып жүр деген еді. Көп мазаңызды алдым білем, – деп үйден шығуға ыңғай таныттым.

      – Ақын деген күнде ауырады. Күнде сауығады. Алып келгеніңді өз қолыңмен құйып бер, – деді. Қолыма шөлмекті алып аузын аша алсамшы. Оңға да бұраймын, солға да ырғаймын мыңқ етпейді құрғырың. Шұқыланып тұрғанымды көріп, аз езу тартты да:

      – Өй, ақын боламын дейсің бір арақты бауыздай алмағаның қалай? Өзіме бер. Сендер бұл пәлеге үйір болмаңдар. Тіптен қолыңа ұстама!  Жай өзімсіп айтқаным ғой. Қайта сол шайтан суды ашып білмегеніңе қуанам. Бұлсыз да өлең өріледі. Ақын деген ауыр жол. Тауға  да, тасқа да басыңды  соғасың әлі. Тұнығыңды лайлама  жарығым. Енді ғана  өлеңнің жалына жабысып жатқаныңда жолыңды дұрыс таңда. Өлең таза жерге қонады. Оның жібі қылдан да жіңішке. Сәл қисық тартсаң үзіледі де кетеді. Оған  бап керек, олда қолыңа қонған құс секілді үркітіп алсаң қайта айналып  қонбайды. Осыны есіңе мықтап ұста бала!– деді гүрілдей.

       Ақынның үйінен қатты толқып шықтым. Дардай атақтың  бағы мен сорын  ұққандаймын. Күлгенінен мұңайғаны артық ақындық жолда ағаның аманатын арқалай аламын ба,  ол жағы  маған беймәлім дүние.

                                                                                                Серікжан НҰРБАҚЫТҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password