Ақын қыз ауылына келді…

 «Қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа»,- демекші қайнарлықтар тағы бір игілікті шараның куәсі болды. Қасиетті жұма қарсаңында 2019 жылғы Елбасының жарлығымен жаңашыл, білікті, дарынды, жас болса да көптеген еңбектермен танымал болған жастарды тауып, олардың жаңалықтарын, еңбектерін халыққа таныту, есімдерін шығарып, насихаттау тапсырылған еді. Олардың ішінен ең маңызды 100 есімді табу  үшін  көптеген жұмыстар жүргізіліп, 100 есім анықталған еді. Сол 100 есімнің  ішінде — қайнарлық ақын қыз Мақпал Мысаға бар еді. Бұл жаңалық аудан жұртшылығын, қайнарлықтарды қуантып тастаған еді. 100 есімнің ішінде дәрігер, ғалым, мұғалім, құрылысшы жалпы еңбек майталмандары бар еді. Мақпал Мысаның осы жолғы сапарында осыдан 10 жыл бұрын құрылған, 4 жылдан бері нақты тіркелген, орталығы Алматы қаласында орналасқан  «Ұлағатты ұрпақ» жобасы бойынша жұмыс атқарып жүрген топ жетекшісі Әлкен Жәнібек Сауданбекұлы орынбасары Есжанова Жансұлумен бірлесіп,  ауыл балаларының тұрмыс- тіршілігін білу, оларға материалдық жағынан көтермелеу, өмірге деген көзқарасын ояту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы тоқталған Әлкен Жәнібек сонымен қатар, қоғамда қиындыққа тап болған, ерекше туған жастарға көмектесу керек екендігін басты назарда ұстайтындығын баса айтты. Олардың жұмыстары 6 бағытта жүретінін, мектептердегі кабинеттерді жабдықтауға Республика көлемінде «Ұлағатты ұрпақ» жобасымен жұмыс атқарып жүрген  топ 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл  қаласында  «Қазақтың салт-дәстүрі» атты оңалту орталығын ашып берген еді. Осы топтағы топ жетекшісінің орынбасары Жансұлу өз сөзінде халық игілігіне еңбек етіп  жүргеніне қуанатынын, бұдан кейін де жауапкершілікпен жұмыс істейтінін айта келе, біздің Нарынқол ауданында 80-ге таяу мүмкіндігі шектеулі балалар бар екендігін, соларға арнап болашақта ауданда  оңалту орталығын,  жеке ауылдарда оңалту кабинеттерін ашуды жоспарлап отырғанын айтып өтті. Ол кабинетте балалар денсаулығын, салауатты өмір салтын  қалыптастыруға, білімдерін тереңдетіп, өнердегі бейімділігін арттыруға  көмек болады деді. Жансұлудың бастамасымен сол кабинеттің бірі- Қайнар орта мектебінде ашылмақшы . Сол жаңалықты естіп біз серпіліп қуанып қалдық. Сөз кезегін алған Мақпал қыз  осы «Ұлағатты ұрпақ » жобасымен еңбек етіп жүрген ұжымға ризашылық  білдіріп, өз ойын ортаға салып, өзінің осы ұжымға көмектесу барысында, алдағы жоспарын айтып өтті. Ақын қызға қайнарлық ауыл жұртшылығы, ұстаздары, оқушылар көптен көкейде жүрген сұрақтарын «Ұлағатты ұрпақ» тобына,  болашақтағы жоспарларын, мақсатын, ақындық, еңбек , өмір жолынан хабардар болды. «Ұлағатты ұрпақ» жобасының осы тобының  ендігі мақсаты Нарынқол-Кеген аудандарынан оңалту орталықтарын ашпақшы. Оқушыларда өз кезегінде ақын әкпелерінің Мұқағали және жерлес ақын жырларынан жыр шашу шашып, көпшілік көңілін бір серпілтіп тастады.Өлеңдерді нақышына келтіріп, мазмұнын, тәрбиелік мәнін айшықтап, орындаған Жаныс Нарын «Анама», Рахиза Ертайдың «Заман» атты өлеңдері, «Аспантаудың ақын қызы» атты Жәрден Бақытнұрдың төл шығармасы әсерлі естелік қалдырды. Осы жиында  жыр шашу шашқан оқушылар ішінен осы талантты балаларға  Мақпал ақын жыр жинағын, қалам, қосымша сыйлықтармен сыйға тартты.  Сонымен қатар ақын қыз әр баланың қойған сұрағына ыждағатпен, ойлы, түйінді жауаптар қайтара отырып, Мақпалға өз өлеңдерінен үзінді оқуын өтінген еді.

 Мақпал соңғы жинағынан «Құрақ көрпе» атты өлеңі қуанышты сәтінің бір бөлігінен туындағанын айтып және оны оқып, өлеңді тудыруға себеп болған оқиға жайлы әсерімен айтып берді.

Поэзия сағатын Ерлікқызы Жаннұрдың орындаған «Үкілім- ай» биі  тамаша  өнерлі өрен өсіп келе жатқанын байқатты. Кездесу кешінде ауыл әкімі Серік Тоқсейітұлы шығармашылық топқа табыс тілеп, жастарға жақсылықтың жаршысы болып, халық игілігі үшін қиындықпен  күрескен жандардың жанынан табылу үлкен бастама деп атап өтті. Кездесу кеші соңында Мақпал Мыса мектеп ұстаздарына, ауыл жұртшылығына рахметін айтып, алғаш талантын ашуға, тамшыдан теңіз құралғандай түрлі байқауларға жетектеген Гүлшат Базарбековаға және Алматыдағы оқытқан талабын, талантын ұштауға көп қамқорлық жасаған Әсия атты ұстазына да, басқа ұстаздарына да рахмет айтып, бас иетіндігін білдірді.  Менің жетістігім- Қайнар ауылының ақ ниеті, атам- Бекберген, әжем –Тұржікеннің батасы, әкем- Мазақ, анам- Бисараның маған деген ақ ниетінің арқасы екендігін айтты. Мектеп табалдырығынан талпынып өлең жазған жас ақындарға болашақта олардың  талабын ұштандырып, дарынын ашуға қолынан келгенше көмек жасайтын ниетін білдірді. Кездесу кешінің соңында мүмкіндігі шектеулі балаларға әкелінген сыйлықтарын 4 балаға отбасымен бірге аналарына берілді.  Қазақта мағыналы сөз бар ғой «Көптің бәріне бергенше , баланың біріне бер» деген 5ой. Балалар ерекше қуанып, мені де іздейтін бар екен деп риза болып, қолдарын қайта-қайта қысып қуанып қалды. «Ұлағатты ұрпақ» жобасын жүзеге асырып жүрген топтың жұмысы да Мақпал Мысаның атқарып жүрген жұмыстары «Рухани жаңғыру» жолдауының іске асырудағы сан салалы жұмыстың бір бөлігі еді. Рухани жаңғыру дегеніміз кім болса да қолыңнан келген тірлігіңді атқарып, халқыңа қызмет ету, үлкенге ілтипатты, кішіге парасатты болу. Бүгінгі кездесу кеші өткізілетін залға қойылған мәдени – ошақтардың бірі- кітапхана кеңесінің қойған «Қарлығашым келдің бе?» атты кітап, сурет көрмесі жерлес ақындар, кітаптарынан олардың еңбек жолынан қойылған топтамалар,табылмайтын материалдармен танысып, келген қонақтар ризашылығын білдірді.

Қорыта келгенде әрбір өтілетін шараның мақсаты-оқушылар өміріне ойын түйіндеуге, болашаққа бағдар алуына ықпал ететіндей болуы керек демекпін.

Союзхан Исембаева,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы,

                                                                                                  Қайнар ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password