Ақынға деген кішкентай құрметіміз болса…

       Өлең десе ішкен асымызды жерге қоятын қазақпыз ғой. Дәстүріміздің бағзылардан бері жалғасып келе жатқаны көз қуантады. Оның ішінде ауыз-әдебиеті, саз, халық әндері, ұлттық салт-дәстүріміз, қол өнеріміз т.б бар.

       Қазақ поэзиясының көгінде сонау 50-ші жылдан бері жарқ еткізіп, өзіндік асыл мұрасын қалдырып кеткен ақынымыз — Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 90 жыл толыпты. Бұл дегенің ғасырға жуық жасаған алыптың жүрегіндегі жанартаулар әлі де атқылап жатыр деген сөз. Сендіретіні оның жырлары. Аспантауда жылда той. Қарасазды жырсыз елестету мүмкін емес. Тілі шыққан баласынан бастап, еңкейген қартына дейін жүректері жыр-қазына. Ақынның тойы-халықтың, поэзияның тойы. Қарасаздың қара шалғыны әлі де өлең болып тербеледі. Оған куә: былтырлары Қарасазға аққулар келіпті дегенде бірталай жұрттың көңіліне Мұқаң оралғаны анық. Өз көзіммен көрмесем де мұны жақсылыққа жорыдым.

       Ақынның туған күні арнаулы күнтізбемен ғана емес, жылда аталып өтілетін дәстүрлі шараға айналғанына міне 40 жылға жуық уақыт өтіпті. Әр жылғысы өзінше бір жаңалық. Бұған бір мысал: Асқар Наймантаев ағамның қала мен ауыл арасын апталап емес, айлап тіпті жылдап жол қылып, мәдениет саласына жанкешті еңбек етіп жүргенін бәріміз білеміз.

       Ауданымыздың театрларына жан бітірем деп азғантай қара араласқан шашын тұтастай ақ шалыпты. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін істерге тәуекел етіп, біраз шаруаның басын қайырды. Ол кісімен бірге жүрген азаматтарымызға да алғысым шексіз.

       Ұмытпасам… сонау 90-шы жылдардың басында Нарынқол ауданының барлық ауылдарын Мұқағалидың «Қош махаббатымен» М.Әуезов театрынан Бикен апамыз бастап, Бекжан Тұрыс, Асқар аға т.б өнер майталмандары аралап шыққаны бар. Жақында Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын сахнаға қайта алып шыққанда өткен күннің сол кадрлары көз алдымнан өтіп, сырттай сүйсінген едім. Ақынның мұрасын тек өз ауылы ғана емес, барша қазақ сақтап, ғасырларға көш бастатуымыз керек.

       Менің айтпағым, жылда ақын туған күнінде Қарасазға жан-жақтан қонақтар ағылары сөзсіз. Әрине, бұған қуанамыз. Елшенбүйрек баурайы бұрынғысынан да ыстық тартып, биіктеп кеткендей сезімде қаламын.

        Қарасаздағы 1991 жылы ашылған мұражай барлық меймандардың бас сұғатын қасиетті орны. Кейінірек, 2011 жылы қайта жаңартылып, заманауи жабдықтармен жабдықталып, күрделі жөндеуден өтті. Онда бас-аяғы бүгінге дейін 800-ден аса экспонат бар екен. Олардың ішінде сырттан тарту етілген дүниелер де баршылық. Тарихи деректер өзінше бір мұра.

       Мұражайдың құрылуына алғашқылар боп Жұмаш Өтеев ағамыз Мұқағали мұраларын жинап, оны насихаттауда үлкен еңбек етті. Жұмаш ағамыздың атқарған ізгі істерін ел болып ұмытпаймыз. Жатқан жері жайлы болсын!

       Мұражайға барған адамның көзіне ең бірінші ақынның жеке заттары түседі. Көзі тірісінде дүниенің құлы болмағандығы азғантай заттарынан тайға таңба басқандай көрініп тұр. Киім-кешегін, портфелін, жазу үстелін, шахмат тастарын, насыбай шақшасын, балық аулайтын қармағын, сүйікті кітаптарын т.б әйнектің арғы жағынан көруге болады. Заманымыздың заңғар жазушысы Ғ.Мүсірепов сыйлаған алтын қалам да көзге оттай басылып, үстелінде тұр. Жазу машинкасына қарап, өзімнің түндер бойы ноутбуктың алдында жазу жазып отыратыным есіме түседі.

        Ең сорақысы, осы азғантай дүниені көздің қарашығындай сақтай аламыз ба деген ой менің жанымды жегідей жейді. Мұражайға барған қонақтар портфелін ұстап, пальтосын киіп ырымдайды екен. Бұл не масқара?!…

       Өзім танитын 2-3 адамның осыны мақтаныш еткенін білем. Бірақ олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын.

        Айналайындар-ау, ырымдарыңды басқа жерде жасаңдаршы. Мың жерден аударып кисеңдер де бәрібір Мұқағали боп кетпейсіңдер ғой. Маңдайыңа не жазса соны көресің. Ақынға деген кішкентай құрметіміз болса оның дүниесіне қол ұшымызды тигізбеуге тырысайықшы. Анау бір кисе, мынау созып екі кисе не болады онда?!..

       Мұражай басшылары, қызметкерлері ондай «ақкөңіл мінез» тарихи жәдігерлерге зиян тигізетінін ескерсе екен. Олардың қызмет барысындағы міндеттері: рухани құндылықтарға байжәдігер жинау, тарихи мұрағаттарды сақтау, есепке алу, жүйелеу, қалыпқа келтіру.

       Ұйымдастыру жағынан: көрме, экспозиция ұйымдастыру, тақырыптық дәрістер өткізу т.б.

        Еуропаның мұражай мәдениеті 16-18 ғасырлардан бері жалғасып келе жатқанына қарамастан әлі де өз мұрағаттарын көзінің қарашығындай сақтап келеді. Сақтау дегеніміздің өзі-қол ұшын тигізбеу, бір орыннан екінші орынға ауыстырмау, атмосфералық ылғалдығын сақтау, жоғалтпау, қолды қылмау.

        Дамыған елдерде түрлі себептермен жәдігерді бір орыннан екінші орынға ауыстыру үлкен сенсация. Біз де осы жағынан үлгі алуымыз керек.

        Қазақстанда алғашқы мұражайлар бертін келе 1830 жылдары құрылған екен. Дегенмен де оның да біразына қол сұғушылықтар болғаны тарихтан айғақ. Әлі де мұражай мәдениетінің олқылықтары жеткілікті. Мейлі ол аспап болсын, мейлі киім-кешек, зат болсын сырттай ғана көріп, сезініп сүйсіне алмаймыз ба?!

       Әйнектің артындағы киімді ырымдап киіп, затты ұстау барып тұрған мәдениетсіздік, дарақылық дер едім.

        Студент кезімде М.Әуезовтың мұражай-үйіне топпен бірге тамашалауға бардық. Ол кезде мұражайға жазушы Т.Жұртбаев ағамыз басшылық ететін. Тұрсын ағай бір жағынан менің курстық жұмысымның жетекшісі болды. Содан Әуезов үйін тобымызбен аралатып, таныстырып, бір затына да тиіскізбей кабинетіне апарып, лекциясын ары қарай жалғастырғаны бар.

       Айтпағым, Әуезов пен Мақатаевтың тұрмыстық деңгейлері жер мен көктей. Әуезовтен көп мұра, дүние қала тұра оның пальтосын киіп, сөмкесін ұстап ырымдаған бірде-бір қаламгерді көрмедім. Әлде көрмей жүрмін бе?!…

        «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей алдымызда ақын тойы келе жатыр. Тағы да шектен шықпайықшы. Әсіресе, ел таныған азаматтар…

       Айналайын ҚАЗАҒЫМ! Ақын мұрасын көзіміздің қарашығындай сақтайықшы. 100 жылдан кейін ұрпағымыз мұражайдан ақын пальтосының қиқымын көріп жүрмесін десек әр затқа сырттай сүйсініп қарайықшы…

Ә.Оспан, ақын,

Қақпақ ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password