Ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

   Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, данышпан-ойшыл. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау ете білген ұлы тұлға. Абайдың қай күні дүниеге келгеніне байланысты әртүрлі пікірлер көп. Бірі ұлы ақынды 10 тамызда дүниеге келген десе, енді бірі 23 тамызда туған деген пікір айтады. Ұлы ақын ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда туған. Ал, 1917 жылдан бастап, бұл 23 тамызға сәйкес келеді екен. Ал хәкім Абайдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық мерейтойлары 10 тамызда тойланғаны бәрімізге белгілі. Тіпті, мектеп оқулықтарында ақын 1845 жылы 10 тамызда дүние есігін ашты деп жазылған. Не десек те, ұлыларымызға жыл он екі ай тағзым етіп, ұлықтау артықтық етпейді.      

     Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз — Абай күні болып жарияланып, мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Бұл күн енді жыл сайын халықтық мейрам ретінде аталып өтілетін болады. Абай күні — қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қайырлы қадам. Ұлы ақынның 175 жылдығы, біздің ауданымызда да ұлықталып келеді. Бұған дәлел ақпан айында Қарасаз ауылында Райымбек ауданы әкімдігі мен «Мұқағали» журналының ұйымдастырған республика көлеміндегі әдеби кеш. Осындай айтулы шаралар бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

     10 тамыз – Абай күні мерекесіне орай аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов Сүмбе ауылындағы Абай мектебінің алдында орналасқан Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Абай жаққан сәулені сөндірмеу бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Атаулы мереке алдағы уақытта жыл сайын тұрақты түрде аталып өтілетіні көңіл қуантады.

                                                                Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Сүмбе ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password