«Ақкердің  ақтаңгері»

  Белгілі  журналист  Әбітай  Әденовтың  есімін  «Хантәңірі» бұрынғы  «Советтік  шекара» газетінің  өткен  ғасырдың  1965- 1995 жылдарғы  көзі  қарақты  оқырмандары  жақсы  білсе  керек. Осы  кезең  аралығында  аудандық  газетте  қызмет  атқарған  ол  аудан  жұртшылығын  қарымды қаламы  арқылы  баурап  алғанын  сол  шақтың  бүгінгі  көзі  тірі  куәлары ұмыта  қойған  жоқ. Аспантау  аясының  тынымсыз  тыныс-тіршілігі  түрлі  жанрларды  қамтыған  мақала, очерк, қолжазба, сұхбаттары  мен  тілге  жұмсақ, жүрекке  жылы  тиер  өлеңдері  қатырып  тапқан  тақырыптары   арқылы  оқырманға  жол  тартып  жататын. Көптің  көкейінде  жүрген  өзекті  мәселелерді  дер  кезінде газет  бетінде  көтеріп, ой-пікірдің  қалыптасуына  жаңаша  сүрлеу  салып, қарапайым  жұртшылықтың  аудандық басылыммен тығыз  байланыс  орнауына  сүбелі  үлес  қоса  білді.

       Газетте  бөлім  меңгерушісі, жауапты  хатшы  қызметтерін  атқарғанда  журналистік  шеберлігі  арқылы  әріптестеріне  үлгі, өкше  басар інілеріне  ақылшы  аға  бола  білді. Алпысқа  да  жете  алмаған  қысқа  ғұмырында  қарымды  қаламы  арқылы  өміріне  өшпестей  із  қалдырды.

      Жуырда  Алматыдағы  «Сервис  пресс» баспасынан  қарымды  қалам  иесін  есте  қалдыру   мақсатында  «Ақкердің  ақтаңгері» атты  жаңа  кітап жарық  көрді. Белгілі  қаламгерлер  мен  бала-шағасының  демеушілігі  арқылы  жарық  көрген  кітапта  Ә.Әденовтің  өмірі  мен  шығармашылығы жан-жақты  қамтылған. Сонымен қатар,  өзімен  кезінде  газетте  қатар  жүріп қызмет  атқарған әріптестері  мен  сыйласқан  дос-жарандарының  естеліктері  мен  арнау  өлеңдері  де  кітаптың  мазмұнын  байыта, мән-мағынасын  тереңдете  түскені  анық.

                                                                                        Ж. ТӘЛІПҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password