Ауылымен тағдырлас қаламгер

       Бар ғұмыры Қарасаз бен Нарынқолда өткен ақын Еркін Ібітанов тірі болса, осы жылдың маусым айында 85 жасқа келер еді. Тұманбаймен Қадыр ақынмен, өкше басар інілері Өтежан Нұрғалиев, Сәкен Иманасов секілді әріптестерімен  соңғы демі біткенше шығармашылық байланысын үзбей өтті. Ауылдың, ондағы адамдардың тағдырын, Хантәңірі мен Қарасаз, Шалкөде, Елшенбүйрек, Нарынқол жайлы ұрпақ жадында қалатындай жырлар жазған ақын жайлы көп әңгіме айтыла бермейтіндей қазір.  Көңілге медеу болатындай бір үміттің оты бар. Ол-Қарасаздағы Мұқағалидың мұражайы жанындағы сәулетті Мәдениет үйі Еркіннің атымен аталатын болыпты деген ауыз — екі әңгіме. Ләйім де солай болғай! Оңды іс болар еді. Көпшіліктің талай жылдан бері тиісті орындарына қойып жүрген ұсыныс талабы орындалса, баршамыз бек қуаныштымыз! Еркін ақынның бұған лайықты еңбегі бар, әрине.

     Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында «Қойшылар» поэмасын жазып, сыншы Есмағамбет Исмайловтың, ақын Тайыр Жароковтың, сөз зергері- Мұхтар Әуезовтың назарына ілініп, жылы лебізін естіген ақын болатын ол. Бар өмірі ауылда өтті. Алпысыншы жылдары Нарынқол халық театрында, аудандық мәдениет бөлімінде жауапты қызметтер атқарды. Кейін Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде өмірінің соңына дейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болғанын біраз ел білгенімен, бүгінгі жас өркен бұдан толық хабардар деп айталамыз ба? Гәп осында. Қаршадай кезінен бастап, бір ғана бұрынғы Нарынқол, қазіргі Райымбек ауданында көзі жұмылғанша қызмет атқарған Еркін ақын о дүниелік болғалы да жеті – сегіз жыл болып барады. Тірі болса  сексен бес жасқа келер еді. Өзі жоқ болса да, көзін көрген ізбасарлары, қаламгерлікке баулыған әріптес шәкірттері бар. Солардың облыспен аталған ауданды басқарып отырған азаматтарға айтар талап-тілектерін аудандық газет арқылы жеткізсек деген ұсынысымыз мынау.

  1. Бүкіл елді қамтып, қолбайлап отырған КОРОНОВИРУС деген індеттен аман сау құтылсақ, тура осы айда емес, одан кейінгі жазда немесе күзде Нарынқолдағы Мәдениет үйінде Еркін ақынды еске алуға арналған ауқымды мәдени іс-шара өткізілсе. Ақынның өмірдерегі, қызмет сатылары, шығарған кітаптары мен басқа да жазған дүниелері жайлы бүгінгі ұрпақ білер еді. Таныр еді. Қаламгердің ерекше қабілетін түсініп, мойындар еді.
  2. Ширек ғасырдан астам өзі қызмет істеген қазіргі «Хантәңірі» газеті жанынан Еркін Ібітанов атындағы әдеби бірлестік құрып, жас тілшілер мен жас ақындарды, айтыскерлікке бейімі бар ұл-қыздарды тәрбиелеуді қолға алсақ. Олардың шығармаларын айына екі мәрте әдебиет бетінде насихаттап тұрудың пайдасы мол болмақ. Мұндай үрдіс бұл газетте бұрын болған. Жақсы бастаманы жаңғыртудың пайдасы болмаса, зияны жоқ әрине.

        Еркін ақын Нарынқол өңірінен шыққан қаламгерлерге бағыт, бағдар берген тәлімгер де болған азамат еді. Өзіміз де, Биғайша Медеуова, Мінуар Әкімханов, Сәлім Жусанбаев, Батық Мәжитұлы, Қанат Тәкебаев, Серікжан Қажи, Қанат Біржансалов, қазір осы газеттің жауапты қызметкері болып отырған Жұмабек Тұрдиев ініміз секілді талайларды қанаттандырған Еркіннің еңбегі елеусіз қалып, 85 жылдығы аталмай қалса, тек аудан басшыларының ғана емес, бәріміздің де арымызға сын. Қайталап айтқандық болмас, осы жазда немесе күздің бір сәтті күндерінде Еркінді еске алу кеші өтуі керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бұл өңірдегі өзекті шаралардың бірі осы болар еді.

      Таяуда ғана облыстық кітапхананың Алматыдағы филиалы арқылы «Мұқағалидың ізбасары- Еркін Ібітанов» деген тақырыппен онлайн сыр-сұхбат ұйымдастырып, осы қозғалып отырған мәселенің басқа да  қырларын әңгімеге арқау еткенбіз. Желідегі көрермен – оқырмандар бұған жаппай қолдау көрсетіп, тың ұсыныс — пікірлер білдіріп жатқанын да айта кетейік.

Айтақын ӘБДІҚАЛ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын,

М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты,

Райымбек ауданының «Құрметті азаматы»,

 Алматы шаһары.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password