Ауылда тұратын суретші

 

                             Нұрболат Ысқақов туралы сыр

       Жалпы, ел іші – өнердің кеніші іспетті. Алтын бесік ауылдарды араласаң ел мен жердің жақсылығын дәріптейтін, ұлтымыздың неше түрлі өнерін ту еткен дарынды жандарды кездестіріп жатасың. Бұл жер жаннаты Жетісудың төрі саналатын Аспантаулар өлкесінің шапағаты. Тұнық тауасы, мөлдір бұлағы, суреттеуге тіл жете бермейтін тұнба табиғатының бергені. Нарынқол ауылында тұратын Нұрболаттай қыл қалам шеберін көптен білем. Райымбек ауданының бар жақсылығы, мерейлі тойлары болып жатса, Нұрболат ағамыздың салған суреттерінен көрме ұйымдастырылып жатады. Өйткені, шалғай ауылда тұратын Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР көркем Академиясының корроспендент мүшесі, аталған Академияның «Таранда Великого Эля» атты медалының иесі Нұрболат Ысқақовтың бүкіл шығармашылық әлемі туған ел мен жерге, сол өлкеден шыққан дара тұлғаларға арналған.

   Суретші ағамыздың жылдап жинаған, салған, көзінің қарашығандай арнайы жинап қойған шығармашылық әлеміне ендік те кеттік. Республикамыздың мақтанышындай, алыс-жақын шетелдерден арнайы қызығып келіп көріп жататын әйгілі Хантәңірі шыңы неше түрлі келбетімен көз тартып тұрғанда, мақтаныш сезіміне беріліп кетеді екенсің. Осынау сырлы да нұрлы өлкеден шыққан Мұқағалидай ақиық ақынымызды қалай дәріптесек те жарасады. Нұрболат ағаның шығармашылығында ақын бейнесі шынайы көрсетілген. Ақынның терең ойлы әрі шабытына берілген сәттері қыл қаламның құдыретімен жеткізіле көрсетілген. Ауылда тұратын суретші бұл үшін қаншама уақытын, сағаттарға созылған күндері мен түндерін жұмсады десеңізші?! Иә, бұл үлкен еңбек, үлкен дүние.

    Еңбегіне қарай жап-жақсы атақтарын алған қарапайым суретші Нарынқол ауылының бір тумасы. Биылғы көктемде ғана зейнет демалысына шыққан жайы бар. Нарынқол орта мектебін бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы көркем сурет училищесінде кескіндеме мамандығы бойынша бітірген. Содан бері қазіргі Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепте оқушыларға сурет пәнінен дәріс берді. Шәкірттеріне бергені көп, ұсынғаны жетерлік. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын белгілі суретші Алмас Сырғабаевтай шәкіртін орнымен сөз етеді. Мақпал Ділдаева секілді шәкіртінің жеке студиясы бар көрінеді. Фархат Сартбаев, Ақылбек Шәкенов, Алуа Әнуарқоджа, Нүсіп Сұлтан, Рауан Бақтияр, Мәди Кенжебек секілді шәкірттерінен көп үміт күтеді.

   Иә, Нұрболат Ысқақовтай суретші ағамыз зейнеткерлік жасына бекер келген жоқ. Жап-жақсы шығармашылық әлемі бар. Үміт күтіп жүрген шәкірттері мол. Алматы қаласында екі дүркін шығармашылық көрмесін өткізген. Ә. Қастеев атындағы республикалық мұражайда  «Жайлауға автоклуб келді» атты туындысы тұр.

   Райымбек пен Кеген ауданы тарихи құндылығына толы өңір. 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілісінің бір ошағы Қарқара жерінде тұтанғаны белгілі. Нұрболат ағамыз біраз дүниесін дәл осы Қарқара көтерілісіне арнаған. Оның сыртында халықтың ұранына айналған хас батыр бабамыз Райымбек жөнінде суреттер баршылық. Батыр бабамыздың көкойнағымен берілген суреті әсерлі шыққан. Рас, батыр бабамыздың өз тұсында Іле өзенін кешіп өткені туралы аңыз әңгімелер баршылық. Суретші өзінің «Іле бойында» атты туындысында батыр бабамыздың жорығын бір қырынан көрсете білген. Кенепке қыл қаламмен майлы бояумен сурет салатын ағамыздың бірқатар шығармашылығы Тәуелсіздігімізге, Желтоқсан көтерілісіне арналған. Ал, туған жердің тамаша табиғатын мөлдірете көз алдыға келтірген дүниелері мол. Оны көріп бір қуанып, бір көтеріліп сала бересің. Сол тұста туған өлкені көркем де көрнекті шығармаларына арқау етіп жүрген суретші ағамызға деген ризашылығымыз арта түседі.

   «Каникулға кетіп барамын» деп алғашқы суретін салған суретші ағамыз бұл күнде ұлтымыздың тарихи тағдыры туралы құнды дүниесін салумен айналысып жатыр. Оны салумен айналысқанына екінші жылға айналыпты. Нұрболат ағамыздың жұбайы Балжан Омарова бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған, көп уақытын мектеп басқару ісіне арнаған ұлағатты ұстаз, асыл ана. Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Ы. Алтынсарин атындағы медалдың иесі. Мақтан етер шәкірттері мол. Нұрболат ағамыз бен Балжан  жеңгеміз Асқар, Мақпал, Раушан, Нұрсұлтан секілді ұл мен қыздарын қанаттандырған. Бәрі жоғары білімді. Бір-бір шаңырақтың иесі. Олардан 12 немере сүйіп отырған жайлары бар.

-Зейнет демалысына шыққан соң тек қана шығармашылықпен айналысуда қаладым. Алда тұрған істерім көп. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының тарапынан да түсіп жатқан ұсыныстар аз емес. Не дейін, мынандай тамаша табиғаты бар ел мен жерімді шамамның келгенінше суреттей берейін. Біздің өлке өлмес жыр мен әнге, суретке лайықты жер. Мен туған ауылымды, туған мекенімді жанымдай жақсы көремін. Сол үшін де қасынан бір сәт те алыс ұзағым келмейді. Денсаулығыма қарамастан Шоғансай өңірінен Хантәңірі шыңын жақын жерден көруге барғанымды ұмытпаймын. Оның маған бергені көп,-дейді Нұрболат ағамыз.

    Шалғай ауылда тұратын бүкіл елі-жұрты білетін суретшінің өмір жолы осындай. Шығармашылық әлемі қуантарлық, жан жұбантарлық. Ендеше, Балжандай жарымен ұзақ ғұмыр кешіп, немере-шөберелерінің қызығына кенеліп, шығармашылық қуаныштарына жете берсін деген ізгі тілек ойымызда. Сәтімен келген зейнеткерлік шақ жақсы күндерге жетелей берсін!

                                                                       Қанат Біржансал,

                                                                         Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password