Аудан әкімі Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ ауданымыздың әр саласындағы Мемлекеттік қызметшілерін және аудандық Полиция бөлімі мен Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтауы

     Құрметті ауданымыздың Мемлекеттік қызметшілері! ҚР Президенті 2013 жылдың желтоқсанында ҚР-дағы мемлекеттік қызметшілер күнін 23 маусымда атап өту жөніндегі Жарлыққа қол қойып, содан бері бұл күн елімізде үлкен құрметпен аталып келеді. Мемлекеттік қызметті атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген ерекше сенімнің белгісі. Осы жолда Сіздер Тәуелсіздігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы ету үшін аянбай қызмет етудесіздер деп білемін. Ауданымыздың өсіп-өркендеуі де Сіздердің ерік-жігеріңізбен қажыр-қайраттарыңызға тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметке әрқайсымыз халыққа лайықты қызмет көрсету үшін келеміз. Қоғамда моральдық құндылықтарды қалыптастырып, халыққа адалдық пен парасаттылық үлгісін көрсету басты парызымыз болуы тиіс. Осыны ұмытпауымыз керек. Халыққа қызмет етудегі еңбектеріңіз жемісті, жұмыстарыңыз табысты, мерекелеріңіз құтты болсын!

     Құрметті аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері! Құрметті қоғамдық тәртіп сақшылары! Сіздерді  23 маусымдағы «Қазақстан Полициясы күні» мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

   Тәуелсіз еліміздің полиция қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қылмысқа қарсы күресте алдыңғы қатарда тұратын адамдар ретінде танылатыны анық. Солардың қатарында ауданымыздың қоғамдық тәртіп сақшылары- Сіздердің де бар екендіктеріңіз, және тәртіп пен реттілікті сақтау жолында абыройлы биіктен көрініп келе жатқандарыңыз аудан халқының да мерейін асқақтатып, беделін арттыра түсетініне сеніміміз мол. Сіздерді осынау мерейлі мерекелеріңізбен құттықтай отырып,әрқайсыңыздың отбастарыңызға жақсылық, шаңырақтарыңызға шаттық, дендеріңізге саулық, өздеріңізді сүйеніш-тірек көретін аудан тұрғындарының алаңсыз тұрмыс кешуі жолында оң жақтарына орман, жел жақтарына қорған бола берулеріңізге тілектеспін! Мерекелеріңіз құтты болсын!

    Құрметті ақ желеңді абзал жандар! Сіздерді жадыраған жаздың алғашқы айымен күлімдеп келген кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын. «Бірінші байлық – денсаулық» деген ұлағатты ұғым ғасырдан ғасырға жалғасса да өзінің маңызын жойған емес. Өйткені, адам үшін ең бірінші қажеті денсаулығы екенін өзекті өмір мен тынымсыз тіршілік айқындаумен келе жатқаны шындық.Ал оның жүзеге асуы медицина саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбектері мен тәжірибелері, Гиппократ антына беріктігі,шипалы қолдары арқылы жасалатыны белгілі.Сондықтан да адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалға араша бола білетін ерен еңбектеріңіз қай кезде де қадір-қасиетін жоймақ емес.

      Құрметті медицина қызметкерлері! Адами құндылыққа құрылған қасиетті кәсіптеріңіз жандарыңызды жадыратып, жүректеріңізді нұрға толтырсын! Аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуда әрқашанда абырой биігінен көріне беріңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password