« АУДАН  ТАРИХЫН  ТАРАЗЫЛАУ – ПАРЫЗЫМЫЗ»

 

                          

          Беркін  ӘКЕБАЕВТЫ  ауданның  көзі  қарақты, көккірегі  ояу  ел-жұрты  білімді  де  білікті  азамат  ретінде  жақсы  таниды  десек  қателеспейміз. Өткен  ғасырдың  60-90  жылдар  аралығында  ауданымызда  түрлі  салада  қатардағы  қызметкерден  басшылыққа  дейін көтеріліп, ұйымдастырушылық  қабылетімен  ауданның  экономикасы  мен  халықтың  әл-ауқатының  көтерілуіне  сүбелі үлес  қосқанын  ешкім жоққа  шығара  алмайды. Құрметті  еңбек  демалысына  шығып,зейнеткер  атанған  ағамыз  қазіргі  таңда  Алматы  қаласында  тұрады. Сөйтсе  де  ел-жұрты  мен  туып-өскен  жерінен  қол  үзе  қойған  жоқ.  Қай  кезде  де  туған  жерінің  жақсылығына  сүйініп, кемшілігіне    күйініп  жүретін  Беркін  аға  біраз  уақыттан  бері  ел  игілігіне  айналар  ізгі  істі  қолына  алып,жұмыс  жасауда. Атап  айтқанда, қасиетті  Тәңіртау  етегінің өткен-кеткен  тарихы  жайлы  кітап жазу  үстінде. «Рухани  жаңғыру» бағдарламасын  басшылыққа  ала  отырып  қолға  алынған  кітаптың  оқырман  қолына  тиетін  уақыты  да  алыс  емес. Біздің  арнаулы  тілшіміз  жуырда  аудан  жылнамасынан  сыр шертетін  осынау  кітаптың  авторымен  сәтін  түсіріп  сұхбаттасқан  еді.                

     — Беркін аға, Райымбек ауданының тарихы жайлы кітап жазып жатыр екесіз, іске сәт!                           -Рахмет.

   –Аталмыш  кітапты  жазуыңызға қандай себеп, не түрткі болды?

 -Оқушы кезімізде Ерте дүние тарихы, Орта ғасыр тарихы , КСРО тарихы және Қазақ КСР тарихын оқып өстік. Сол оқыған тарих сабағынан көптеген мәлімет алып, ертедегі мемлекеттер,  орта ғасырдағы және қазіргі замандағы мемлекеттерді, сонымен қатар  Совет Одағындағы  туысқан халықтардың тарихын біліп өстік.Кезінде қазақ жерін қорғаған батыр бабаларымызды және  сол кездегі мемлекет басшылары мен спорт және өнер адамдарын білдік.Осы айтылғандарды тарих  кітабы болмаса,  білер ме едік. Ал, біз мектепте оқыған жылдары да,  қазір де оқушыларға өз ауылымыз бен ауданымыздың тарихы  жайлы ешкім оқытқан жоқ. Оның бірден-бір себебі, осы уақытқа дейін аудан тарихы жазылмаған.Сондықтан да аудан тарихын жазуды қолға алдым. Осы кітап арқылы кейінгі жастарымыз ауыл мен аудан тарихын білетін болады.  Бұл жерде аудандық Білім бөлімінің атылар  жүк  салмақты  болары  даусыз. Білім бөлімінің басшылары  әрбір мектеп басшыларына  арнайы тапсырма беріп, сынып сағаттарында  оқушыларға ауыл мен аудан тарихынан арнайы сабақтар өткізіп отырса, нұр  үстіне нұр.Сонда ғана ауыл мен аудан тарихынан оқушылар да, былайғы  көпшілік те хабардар болады. Аудан  тарихын таразылау –парызымыз,  дейтінім сондықтан.

   – Тарихқа қажетті материалдарды қайдан алып жазудасыз?

   -Орынды  сұрақ. Елден естігенді жазсаң ол тарих емес, естелік тәрізді көркем шығарма  болады.Тарихқа қажетті материалдарды аудандық, облыстық , республикалық және бұрынғы  партиялық қазіргі президент мұрағаттарынан  алып жаздым.Сонымен қатар, республикалық  «Кітап палатасынан» біраз материалдар алуға тура келді.

    – Аудан тарихын қай кезеңнен  бастап жаздыңыз?                                                                                    -Тарихты Тянь Шань  тауының солтүстік батысында орналасқан Үйсіндерден бастадым. Одан бергі Жоңғар шапқыншылығы, 1916 жылғы Қарқарадағы Албандар көтерілісі де қамтылды.

     –Одан бергі колхоздастыру кезеңі, 1937 жылғы зобалаң жылдар мен Ұлы Отан соғысы жайлы  да қамтылған шығар?

 – Дұрыс айтасың.Онсыз тарих болмайды ғой. 1936 жылы 23 қарашада Нарынқол аудан болып бөлінгенге дейін  бізде 36 колхоз құрылған. Осы құрылған колхоздардың аттары қалай аталды,басшылары кім болды, қанша жанмен және қаншы малмен біріккендері туралы айтылады. Қазіргі Қарасаз ауылы  1937  жылғы  зобалаңды  ұйымдастырушылардың  белортасынан  табылып «темір  нарком» аталған  Ежовтың  атындағы колхоз болғанын да оқисыздар. Осынау  жазықсыз  адамды  жапа  шектірген  қанды  қырғында қай ауылдан қанша адам «халық жау» болып ұсталған және  олардың ақталған жылдары,сондай-ақ соғыс жылдары елге оралмай, шейіт болғандардың аты-жөні ауыл бойынша  толық айтылған.

     – Ақындар мен батырлар елі саналатын аймақтан қоғам қайраткерлері де, ел дәулетін еселеу жолында шүмектете тер төккен, сөйтіп ел экономикасы мен мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер азаматтар,талантымен  танылған  қаламгерлер  көптеп шыққаны белгілі. Қолға алып жатқан шығармаңызда соларды қаншалақты қамти алдыңыз? Кітаптың көлемі қаншалақты болмақ?                                                                                    

    — Ауданымыздан төрт Социалистік Еңбек Ері,  Ленин ордені мен  Еңбек Қызыл Ту  орденінің  және басқа ордендер мен медальдардың  иегерлері  көптеп шыққан. Сонымен қатар  атақты шопандар мен механизаторлар көптеп саналады.Кезінде қой қырқудан аудан, облыс, республика сондай-ақ Кеңес Одағының чемпионы болған жерлестеріміздің аттары барынша қамтылды. Ауданның барлық озаттарын толық қамту мүмкін емес. Ал кітаптың қазіргі көлемі А -4 форматымен   560 беттен асты. Ол дегеніңіз баспа сөз тілімен айтқанда 35-36 баспа табақ болады.

  – Кітабыңызға Ауған соғысына, Венгериядағы  көтеріліске, сондай-ақ 1986 жылғы 16 желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды қамти алдыңыз ба?

   -Әлбетте қамтылды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатынасқаны үшін                 3 жыл мен 5 жылға бас бостандығынан айрылған сүмбелік  ағайынды Әбілқайыровтар  жайлы толық мағлұмат бар. Оларды соттаған соттың құжаттары да алынды. Оның сыртында Чернобль апатына көмекке барғандар, Даманскдегі соғыста   болғандар және Тәжік –Ауған шекарасындағы қақтығысқа  қатынасып келгендер де қамтылды.

    –Аудан  тарихы бұрын да тиіп-қашып болсын жарық көргені белгілі. Бірақ маған сол кітаптағы жазылған дүниелер мақсатты істің бетіндегі қаймағын ғана қалқыған сияқты көрінеді. Таулы өңірдің қатпар-қатпар тарихына тереңдеп кіре алдыңыз ба?                 

  – Бұрнағы жылдары «Хантәңірі етегі-Райымбек баба мекені» және 2009 жылы «Жылдар жылнамасы» атты аудан жайлы екі кітап шығыпты. Кітаптың авторларына рахмет.Түк жоқтан көрі біраз мәселелер қамтылған.Көптеген адамдардың аты-жөні және қызметтері айтылған. Өзің айтпақшы, істің бетіндегі қаймағы ғана жазылған. Оларға да кінә қойуға болмайды. Олар тарихшылар  емес, журналистер. Сондықтан да кітап  журналистік көзқараспен әдеби шығарма ретінде жақсы жазылған.                                                         – «Рухани жаңғыруды»  басшылыққа ала отырып жазған дүниелеріңіз аудандық «Хантәңірі» газетінде «Ұмытылмас есімдер» деген ортақ тақырыппен үздіксіз жарияланып келеді. Оқырман да бұл еңбегіңізге ыстық лебіздерін білдіруде. Әрине, қаламыңызға арқау болған азаматтардың бәрін жақсы танитыныңыз белгілі. Сондықтан олардың есімдерін есте сақтау жөніндегі ой-пікіріңіз құптарлық. Ендігі жарық көретін тарихи кітабыңызда бұрын-соңды ойға келмеген дүниелер бар ма?

            -Ауданымыздан  Жоғарғы Советке  9 депутат сайланған және  4 генарал,19 полковник,48 профессор,  сондай-ақ, алды дүниежүзілік және  Азия мен  республика чемпиондары болған спортшылар шыққан. Тарихи кітапта солардың аттары мен суреттері бар. Сонымен қатар орденді комбайнерлер мен озат қырықтықшалар да қамтылған.Өз ауылындағы тарихқа жазылуға лайық деген азаматтарды осы кітапқа кіргізуге әлі де болса  ауыл әкімдерінің мүмкіндіктері бар.Ол үшін менімен хабарласып, сол адамдар туралы  маған айтып берсе болғаны.Әсіресе соғыс жылдарына дейін және соғыс жылдары  трактордың рөліне отырған әйел адамдар жайлы айтса дұрыс болады.

         –Жазып  жатқан  тарихи кітабыңызды қашан аяқтайсыз, қанша  данамен  жарық  көрмек?                                                                      

    -Кітап бітуге жақын.Кітаптың  таралымы  оқырмандардың және  ауыл әкімдерінің кітапқа тапсырыс берулеріне байланысты болмақ.Қаладағы оқырмандардан тапсырыстар түсуде.

  –Әңгімеңізге рахмет!  Ауданымыздың  алғаш жазылған тарихи кітабы  болғандықтан әрбір үйдің  төрінен  орын  алатын асыл дүние екен. Бұйыртса аламыз. Қолымызға тезірек тиіп, қуанышқа бөлеуіне тілектеспіз.                                                                                                                            

   –Рахмет! Амандықта жолығайық!

-Әумин! Айтқаныңыз  келсін!

Сұхбаттасқан  Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ.

Нарынқол – Алматы – Нарынқол.

 

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password