Аудан активімен кездесті

       Өткен аптада аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова аудан активімен кездесті.

       Жиынға онлайн режимде ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша басқармасының аға прокуроры Талғат Мұратұлы Молдаханов, сондай-ақ, арнайы шақырылған аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов ашып, жүргізіп отырды.

       Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы қыркүйектің беташар күні Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру, оның ішінде мемлекеттік аппарат және мемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, цифрландыру мәселелерін нақты айқындап берген болатын. Жиынның негізгі мақсаты – осы бағытта облыс және аудан деңгейінде жүзеге асып жатқан жұмыс барысын саралау, қажетінше бағыт-бағдар беру болып табылды.

       Жөні бөлек, еншісі ерек осынау басқосуда алғашқы сөз тізгінін ұстаған Алматы облысы бойынша департамент басшысы Ләззат Бейсеқұлова баяндама жасап, мемлекеттік қызметтің міндеттері мен негізі бағыттары жайлы түйінді мәселелерге жұртшылық назарын аударды. Атап айтқанда;

  1. Ағымдағы және келесі жылдары мемлекеттік аппаратты қысқарту, мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру.

        2.Мемлекеттік қызметке еңбекақы төлеудің факторлық-балдық шкаласын енгізу.

        3.Келесі 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің сайланбалылығы.

        Ағымдағы жылы мемлекеттік қызметшілер санын 10%-ға немесе 408 бірлікке қысқарту, ал келесі жылы, яғни 2021 жылы тағы да 15%-ға қысқарту жоспарлануда. Бұл жағдайда функциялардың қайталануы жойылып, жұмыстар мен міндеттердің бір бөлігі бәсекелі нарықтық ортаға беріледі. Сондай-ақ, барлық жұмыс процестері барынша автоматтандырылатын болады.

       2021 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап барлық мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің факторлық-балдық шкаласын жаппай енгізу жоспарлануда. Егер бұрын жалақы мөлшері тек атқаратын лауазымы мен жұмыс өтіліне ғана байланысты болса, енді мемлекеттік органдардың еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделі төмендегі екі бөліктен тұратын болып белгіленді. Оның алғашқысы — факторлық-балдық шкала бойынша лауазымдық жалақыдан және бонустардан тұратындығы да, келесісі – факторлық-балдық шкала білім деңгейі, құзыреттілік және жұмыс тәжірибесі, қойылатын міндеттердің күрделілік дәрежесі мен нәтижеге қол жеткізу үшін жауапкершілік сияқты негізгі факторлар бойынша әрбір лауазымға балл беруге мүмкіндік тудыратындығы. Төлемнің бонустық бөлігі қызметкердің жылдық жұмыс нәтижесіне байланысты болмақ.

       Сөзін осылайша сабақтаған Ләззат Бейсеқұлова келесі жылдан бастап өкілеттік мерзімі аяқталатын ауыл әкімдерін сайлау тікелей сайлау құқығын өткізу жолымен, яғни тікелей азаматтардың өздерімен өткізілетінін де еске салды. Мемлекеттік қызмет істеріне байланысты бұдан басқа да көкейтесті мәселелерді тілге тиек жасады.

       Актив жиынында сонымен қатар ҚР бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аға прокуроры Талғат Мұратұлы Молдаханов ауданда мемлекеттік қызметке байланысты құқықтық нормалардың орындалу барысы жайлы хабарлады. Келесі кезекте онлайн режимде сөз алған ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Алматы облысы бойыншы филиалының аға оқытушысы Мариям Қадырқызы Нығметжанова «Мемлекттік қызметтегі стресске төзімділік» тақырыбында мәнді де нәрлі баяндама жасады.

       Актив жиналысында баяндамашыларға өзекті мәселелер жөнінде сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

 «Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password