АТАМАННЫҢ АҚЫРЫ: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Мемлекеттік маңызға ие Жаркент операциясына – 100 жыл

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері   

3.ОПЕРАЦИЯ 

Ал енді шет жерге жетісімен бірден қарулы жасақ құрып, тіпті онымен де қоймай қарсы барлау жұмысын жандандырған ақ гвардияшыларға Кеңес үкіметінің көзқарасы қандай болуы керек еді? Орта Азиядағы басмашыларға хабаршыларын жіберіп аласұрған атаманға қызылдар қандай амал қолдануы тиіс-тін? Бұл мәселелердің сол кездегі жағдайға орай бір ғана ақылға қонымды шешімі «қайта шапқалы тұрған жауды» күш жинауға мүмкіндік бермей жөргегінде тұншықтыру болатын. Тамырымен қопарып жойып жібермесе жаралы дұшпан қауіпті.

Қаскүнем күш басшысының көзін құрту Түркістан майданының Революциялық әскери кеңесіндегі Бүкілресейлік Төтенше комиссия – ВЧК-ның революция жаулары мен бүлікшілерге қарсы күрес және барлау бөліміне тапсырылады. Операция жоспарын РК(б)П Орталық Комитеті Түркістан бюросының мүшесі, ВЧК-ның Түркістандағы уәкілетті өкілі Яков Петерс жасайды. Ал оны ұйымдастырушы Түркістан майданы барлау бөлімі бастығының орынбасары Василий Давыдов болады. Операцияға жетекшілік етушілер Ташкентте отырады. Жергілікті жерде оның іске асуына аймақтық дәрежедегі басшылар: Жетісу облыстық ЧК басшысы Федор Эйхманс, Жаркент ЧК-сының бастығы Николай Суворов және оның орынбасары, Түркістан майданының арнайы бөлімінің Жаркенттегі бөлімшесінің меңгерушісі қызметін қоса атқарған Михаил Крейвис жауапты болады. Ал тапсырылған істің басты орындаушылары міндетін Жетісу облысындағы Жаркент милициясының бастығы Қасымхан Чанышев пен осы мекеменің қызметкері, чекист Махмұд Қожамияров және бұлардан басқа 5 адам өз жауапкершіліктеріне алады.

Қасымхан Чанышевке таңдау кездейсоқ түскен жоқ еді. Ол арғы тегі дәулетті, кейбір деректерге қарағанда ата-бабасы І және ІІ гильдиялы көпестер әулетінен тарайтын адам болатын. Татар саудагерлері Чанышевтер көптеген жылдар бойы Шыңжаң мен Ресейдің шекаралас аймақтарында желі оңынан тұрып, сауда-саттық жасап жүрген адамдар еді. Милиция бастығы Қасымханның немере ағасы Құсайын Чанышев Шәуешек пен Үрімшіде кең де жайлы жеке үйлері болғанына қарамастан үнемі Құлжада тұратын. Сондай-ақ, ол орыс консулдары және ақ гвардияшылар офицерлерімен жақсы қарым-қатынаста-тын. Осының бәрін ескергенде Жаркент милициясының бастығы чекистердің барлаудағы болашақ «қашқын» кейпіне әбден лайықты еді.

Мұны Жаркент ЧК-сының бастығы Николай Суворовтың Жетісу облыстық ЧК бастығы Федор Эйхмансқа жолдаған хатындағы сөздер айғақтайды. Зерттеуші В.Данкеевтің «А.И.Дутовқа қарсы архив материалдарында» ол құжат былай сөйлейді: «Операцияны жүзеге асыру қолынан келеді дейтін барлаушылардың ұсынымнамаларын жан-жақты талқылағаннан кейін Жаркент милициясының бастығы Қасымхан Чанышевті дұрыс көріп отырмын. Ол революция ісіне шексіз берілген, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, қиын сәтте қисынды жол таба білетін жан. Шыңжаңдағы атақты көпестердің туысы. Өзі білімді, Дутовтың штабындағы полковник Абылайхановпен жақсы таныс. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, ақ гвардияшыл сілімтіктер көптен бері Чанышевпен жақындасудың амалын таба алмай жүр…»

Құжат стилін сақтай отырып енді Қасымхан Чанышевтің хабарламасын оқиық: «Жетісу облыстық ЧК-сының жауапты қызметкері Давыдов (маған) 21 ақпаннан қалдырмай, яғни шекараның осы учаскесінде ақтардың шабуылға шығуы ықтимал кезге дейін, атаман Дутовтың көзін жоюды тапсырды. Операцияға әзірлік пен оның барысы туралы Суворовқа баяндап отыруға тиіс болдым. Топ іріктелді. Орынбасарым – Махмұд Қожамияров, Жаркент уездік милициясының қызметкері. Ол контрабандистермен күресте ерекше көзге түскен. Көрмеген жердің ой-шұқырын жақсы аңғарып, тез бейімделе кетеді, адамдармен қолма-қол тіл табыса біледі. Шығыс халықтары күресінің тәсілдерін жетік меңгерген, қарудың қай түрінен болса да өте жақсы ата алады. Мұқай Байсымақов. Жауынгер. Жүрек жұтқан батыл жігіт. Алып күштің иесі. Оның туысы – Құдыс (шын аты – Көдек – ред.) Байсымақов. Жауынгер. Аттың құлағында ойнайтын шабандоз. Ғазис Ушурбакиев. Жауынгер. Ату құралын өте жақсы меңгерген. Юсуп Қадыров. Жауынгер. Карабиннен құралайды көзге ататын мерген. Қылыш пен қанжарды тамаша пайдалана біледі. Сұлтан (шын аты – Солтанай – ред.) Маралбаев. Жаркент уездік милициясының қызметкері. Орыс, қытай тілдерін біледі, пистолеттен өте жақсы атады. Бұлар іс жүзінде кез келген жауынгерлік тапсырманы орындауға қабілетті екенін талай рет дәлелдеген жандар. Кезінде шекара арқылы сан рет мол мөлшерде апиын алып өтіп жүрген, құрамында 46 адамы бар, жақсы қаруланған контрабандистердің әрекетіне нақ осы топ тиым салған болатын».

ЧК-ның ұйымдастыруы бойынша 1920 жылдың қыр­күйегінде Қасымхан Чанышев жанына Махмұд Қожамия­ровты ертіп «құпия түрде» Сүйдінге «қашады». «Кеңес өкіметіне өкпелеген» адамның кейпі шынайы көрінуі үшін қауіпсіздік органдары Қасымхан Чанышевтің қатын-баласын, ет жақын туыстарын, барлығы он адамды тұтқынға алады. Бір айтарлығы, егер ол жоспарланған әрекеттен бас тартса, жауды алдау мақсатындағы бұл «тұтқындау» кепілге алынғандар үшін сұмдық шындыққа айналуы да мүмкін еді. Сонымен болашақ операция өтетін жерге келген күннің ертеңіне-ақ Қасымхан Чанышев өзінің ескі танысы, бір кезде полковник Павел Сидоровтың жағында революцияға қарсы белсенді түрде әрекет жасағаны үшін 20 жылға лагерьге айдалуға үкім етілген, бірақ жазадан қашып құтылған Жаркент қаласының бұрынғы дуанбасысы Ф. Миловскийді кездестіреді. Көп ұзамай полковник Абылайханов және Миловский Чанышев пен Қожамияровты генерал Дутовпен таныстыруға мүмкіндік туғызады.

Қасымхан Чанышев осылайша күндіз Жаркент милиция­сының басшысы, түнде «ақ гвардияшылардың жансызы» болып шекарадан әрі-бері өтіп жүреді. Осылай «екі жаққа да жұмыс істеу» арқылы ол Орынбор атаманының сеніміне кіреді. Александр Дутов оны «князь» деп құрмет көрсете атайтын болады. 1920 жылдың қарашасында «князьге» жазған хатында ол былай дейді: «Сіздің хатыңызды алдым. Берген мәлімет және тындырған жұмысыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Жаңалықтарға келетін болсақ, Алтай губерниясында және Семей маңында көтеріліс жүріп жатыр және жергілікті билік оны баса алмады. Қиыр Шығыспен, сондай-ақ, Врангельмен байланыс орнатқанбыз. Маған қызылдар Қытайға жорық жасамақ ниетте және әскери штаб Жаркентке көшіріледі деген сыбыс жетті… Бұл шындыққа жанаса ма? Сіздің егжей-тегжейлі сұрақтарыңызға жауапты келесі хабаршыңыз келгенде беремін. Оны 16 қараша күні кешқұрым уақытта жіберуіңізді сұраймын. Мен одан іс-қимылдың толық жоспарын беріп жіберемін…»

1920 жылдың желтоқсан айында Давыдов Петерске жеделхат жолдайды: «Жаркенттен. Әскери мазмұнда. Шұғыл. Құпия. Шәуешек маңындағы генерал Бакичтің корпусындағы және Степановтың дивизиясындағы адамдар саны – 5000. Құлжа төңірегінде 3 000 жауынгері бар атаман Дутов және Анненков күштерінің қалдықтары орналасқан. Дутов Жетісу казактары мен мұсылман байларына арқа сүйемек. Шекарадан өткен соң Ферғана, сондай-ақ, Бұхара басмашыларымен күш біріктіруді ойластыруда».

Бұған жауап ретінде ВЧК басшылығы Александр Дутовтың көзін жою операциясын жеделдетуге шешім қабылдайды Василий Давыдов, Федор Эйхманс және Яков Петерс ұсынған, сондай-ақ, ВЧК төрағасы Феликс Дзержинский мақұлдаған алғашқы жоспар бойынша Дутовты ұрлап, РСФСР-ға алып келіп, артынан ашық сот өткізілуі тиіс еді. Бұл шараға зор мән берілгені соншалық, РСФСР Халық Комиссариатының қаржы бөлімі Николай патша заманындағы алтын-күмістермен есептегенде оған сол кезде аса қомақты болып саналатын 20 мың рубль көлемінде ақша бөледі.

Деректі құжаттармен анықталғандай, бес кездесудің бірінде «қашқындарға» әбден сенген Александр Дутов олардан Кеңес жеріне халықты большевиктер үкіметіне қарсы қөтерілуге шақыратын бір құшақ үгіт парақшаларын беріп жібереді. Үндеу мәтіні мына мазмұнда болатын: «Адасып, тығырыққа қамалған бауырлар, азап көрген отандастар! Сендердің қиналған дауыстарың маған жетті. Мен көз жастарыңды, қайғы-қасіреттеріңді, мұң-мұқтаждарың мен шеккен азаптарыңды көрдім. Кеудемдегі орыс жүрегі мен православ сенімі сендермен бірге!» – делінген онда.

Осы үнпарақтарды алып Жетісу ЧК-сына келген Қасымхан Чанышев тапсырманы қадағалап отырған Федор Эйхмансқа атаманды қолға түсіріп, оны тірідей Кеңес жеріне әкелу жоспарын іске асыру мүмкін емес екенін, себебі оның күзетшілерінің тым көптігін айтып, өзі барып жүрген кезде ойға түйген басқа да қиындықтарды жасырмай айтады. Осыдан соң чекистерге жоспарды өзгертуге тура келеді. Ақ генералдың көзін сол Сүйдінде жою туралы шешім қабылданады.

(Жалғасы бар).

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password