Астана қалай құрылды

        1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елдің    жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсетті. Бұл туралы Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске алады.

 «Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұдан басқа, қала Қазақстан үшін көптеген шет елге шығудың мейлінше төте жолы – трансеуроазия арналарына таяу қоныстанған», — деп жазған еді Назарбаев.

    Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені баршаға аян. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде Назарбаевтың ұсынысымен елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қояды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) халқының саны 290 мыңдай ғана болған екен.

   Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде мерекеленіп келді.

   Кейінірек парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.

   Айта кетсек, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні елорда күнімен тұспа-тұс келеді.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password