Астана атауы қанша рет өзгерді    

     Алғаш қала 1832 жылы Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі негізделгенде пайда болды. 1863 жылы Ақмола ресми түрде округтік қала ретінде жарияланып, 1960 жылы еліміздің солтүстік облыстары кіретін тың өлкесінің орталығы болды. 1961 жылға дейін ол Акмолинск, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, ал 1992 жылдан бастап 1998 жылға дейін Ақмола аталып келді.

           1998 жылы 6 мамырда президент жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылдары елорда атауына қатысты түрлі ұсыныстар айтылған еді.

        «Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Біздің жалпы көңіл ауанымызды және астананы көшіруден күтерімізді бейнелейтін өте ауқымды әрі қысқа ұран сияқты. Бірақ бұл атауды қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз Астана! Бірақ, әлемдік тәжірибеде мұндай да мысалдар жетіп артылады. Мысалы, Бразилияның астанасы Бразилия. Міне, осылай! Сөйтіп, түн ортасында келген ой – Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады», — деп жазды Назарбаев «Еуразия жүрегінде» атты кітабында.

             Дәл сол күні Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы жарлық шықты.

            2019 жылдың көктемінде елорда атауы тағы өзгерді. Қазақстанның екінші президенті 2019 жылы 20 наурызда ұлықтау рәсімінде ел астанасын республиканың тұңғыш президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды.

    Тоқаевтың бұл ұсынысын парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Осылайша 23 наурызда мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды.

          Елорданың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан дефис арқылы жазылатын болды. Қаланың атауы қазақ тілінен алынған, «нұрдың сұлтаны» деген мағына береді.

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password