«…Аспаннан шұға жауса да…»

        «Аспаннан шұға жауды», деген қазақтың сөзінің астарында терең мағына тұрғой. Мұнда қазақ, дүниенің кілтіне қолымыз жетіп құдай жарылқады, бірақ адамдар еңбегіне қарай, өз дәрежесіне қарай өз бағасын ала-алмай тұр деген сөзді әдемілеп мақал етіп жеткізіп тұр. Қазақтың тілінің құдіреттілігі осыда ғой, шіркін! Енді осы мақалды қолдана келіп менің де бір айтар уәжім бар. Біздің қазақ көзінің жасын көл қылып жүріп жетпіс жылдан астам уақытта еркіндік алды. Жеріміздің астын үстіне аударған қожайыннан адамның септігі Алланың рахымы түскен құдіретімен құтылып не істеймін, не қоямын десек өз еркіміз деп қуанып дербес мемлекет болдық.

       Құдайға шүкір, менмен деген елдермен иық тіресіп, сауда-саттық жасасып қарнымыз тоқ киіміміз бүтін өмір сүріп жатырмыз. Қазір бізде соғыстан кейінгі жылдары бұлдың түрі аз болса қазір жібек, доқаба дейсің ба не түрлісі дүкенде өтпей тұр. «Шұға жауды» — деген осы емей немене. Демек, қазақ байып шетінен қос-қостан қатын алып, өз жерінің ауасы ағзасына жақпай Ұрым, Қырым, Англия, Америка, Қытай, Араб аралап пұлын шашты, алшаң басты. Жарайды делік. Бірақ олар қарапайым ғана жанбағыстың құлы емес, олар қазақтың зиялы қауымдары болып есептелінетіндер. Сондықтан өз басының қызығын қызықтай бергенше қазақтың өлі-тірісінің рухына да шарапаттарын жасай жүрсеші шіркін! Егемендік алғанымызға отыз жыл толса да бізге бір заманда жау болып кіріп қазақты қан-қақсатқан қалмақтың, орыстың атымен аталып күні бүгінге дейін тұрған ауылдың аттары мектептердің аттары біздің «Райымбек» — ауданында әлі бар. Егемен елміз. Жаңа заманда өмір сүріп жатырмыз. Батыр бабаларымыз жер үшін соғысқанда сол басқыншы қалмақтың игілігі үшін соғыстыма сонда?! Мысалы: бізде атауын атататындай арыстарымыз көп қой. Райымбек ауданының орталығы Нарынқол деп аталады. Керек болса осы атау жабысып қалып па? Нарынқолдың атын алып тастап киелі ауылдан шыққан Мұқағалидың, Еркіннің, Баққожаның, Айтақынның, Дәулеттің, Қанаттың, Бақыттың, Мінуардың, Қалбектің тағы да басқа аты-аталмаған Республикаға Одаққа танымал болған азаматтардың ұстазы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әлнұр Мейірбековке беріліп, «Әлнұр ауылы» Райымбек ауданы десе қай жеріміз кеміп қалар еді. Жоқ, керісінше жайнап кетпейма. Екі кісі бас қосса Мұқағали мен Еркінді айта келіп, оларды түзу сара жолға бастаған ұстаздары Әлнұр әкеміздің тәрбиешілік қасиеті мен ақыл-парасатына тоқталмай кетпейді. Шәкірттерін ұстаздығынан оздыра тәрбиелеген Әлнұр әкеміздің алдында тірі тұрып осындай ұсыныс жасалатын болса, олар қос қолдарын көтеріп құптайтыны мұнда еді. Енді жақында осы Нарынқол елі осында жаңа жасалынып жатқан әмбебап «Спорт залына» Әлнұр Мейірбековтың атын берсек деген ұсыныс жасап жүр. Бұл да құптарлық іс еді. Әлнұр Мейірбеков ақсақал спорт десе ішкен асын жерге қоятынын Нарынқолдың көне тұрғындарының бәрі біледі. Әлекең өзінің құрбыластарымен демалып бас қосып отырғанда оларменен қол күштерін сынасып, одан соң міндетті түрде күресетін болған. Сонда Әлнұр ағаны ешкім жыға алмапты. Бұл туралы шәкірттері Еркін, Дәулет, Қалыбек ағалар мен Батық, Айтақын інілерім аңыз етіп айтатын еді. Демек, ақын-жазушы атамыз палуан екен! Спорт залдың атын бұл кісінің атымен атауға әбден лайықты. Әлекеңнің сөзін сөйлейтін артында енжемді ешкім қалмады. Жиен келіні Дина Молдағожаева осы мәселені қозғады. Бірақ ешкім құлақ аспады. Біз осыған құзырлы органдармен ауданның басшыларынан әділ шешім сұрап қол ұшын берулерін өтінеміз. Ғұлама ақындардың қолбасшысы Нарынқолдағы кіре берістегі қорымнан біз ары бері өткен сайын аппақ күміс сақалын желбіретіп «Мені ұмыттыңдар ма, ел-жұртым!» — деп қарап тұрғандай көрінеді. Елеусіз қалдырмайықшы Әлекеңді ағайын!

     Нұрлан Әкімбаев,

зейнеткер,

Талас ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password