Армандар орындалады

        Әр адам бала кезден арманшыл болып өседі. Сол секілді мен де әкем сияқты қаламы қарымды журналист болуды мақсат тұттым. Бала арман мені шыңдап, үлкен шығармашылық ортаға алып келді. Мектеп қабырғасында жүріп аудандық, облыстық, республикалық мерзімді басылымдарға өлеңдерім жарияланып, кейіннен мақалаларым жиі басылып тұрды. Орта мектепті тәмамдағанша аудандық «Хантәңірі» газетінің қоғамдық тілшісі қызметін атқардым. Сонымен қатар, шығармашылығымды шыңдау мақсатында аудандық, облыстық әдеби оқуларға талмай қатысып, Мұқағали Мақатаев пен Оралхан Бөкей атындағы оқуларынан қалыс қалмайтынмын. Бірнеше рет Оралхан Бөкей атындағы көркем сөз оқуларының жеңімпазы,Үздік мұқағалитанушы көркем сөз оқу шебері атандым. Менің шығармашылығымның қайнар бұлағы осы байқаулар мен газет бетінен басталды,- деп айта аламын.

Журналист болу арманым,
Өмірден таңдар алғанмын.
Төртінші билік болған соң,
Журналистиканы таңдадым.

Жақсылыққа үндейтін,
Ісін елмен бір дейтін.
Журналист болғым келеді,
Ізгілікті іздейтін, – деп, армандаған мамандығыма арнап өлең де жазғанмын.

         Бұқаралық ақпарат құралдарының қазанында ерте қайнадым. Алайда, салалық жоғары білімді игеру жолы мен үшін ұзаққа созылып, жігерімді шыңдай түсті. Мектепті тәмамдаған жылы журналистика факультетінің есігін қағып, білім алу бұйырмады. Осы аралықта маңдайға жазылған туризм және менеджмент саласын игеріп, алғашқы дипломды алдым.Алайда, бұл мен армандаған жүрегімнің түбінде жатқан салаға деген сүйіспеншілік отын өшіре алмады. Асыл армандарым үлкен мақсаттарға ұласып, араға 5 жыл салып, журналистика факультетіне оқуға түстім. Сол сәтті «өмірімдегі ең бақытты күндерімнің бірі», деп санаймын.

         Сол күннен бастап аяулы ұстаздарым Кәкен Қамзин, Клара Қабылғазина, Жидегүл Әбдіжәділқызы, Рима Жақсылықбаева және т.б ұстаздарымнан білім алып, кәсіби маман болу үшін қажетті қасиеттерді үйреніп келемін. Бізді алға сүйреп, тілшіліктің қыр-сырын үйретіп,көркем әдебиетпен сусындатып жүргені қуантады. Нағыз кәсіби журналист болу үшін жоғарғы білімнің ауадай қажет екендігіне екінші рет студент атанғанда тағы да көзім жетті. Өйткені жақсы журналист ақпаратты дұрыс жаза білумен ғана шектелмейді. Сан салада қалам тербейтін маман иесі болғандықтан терең білімді талмай игеру шарт. Жалпы, журналистің өмірі әрқашан шеберлікті шыңдаумен, үйренумен өтеді.

         Аспан асты елінің дана тұлғасы Конфуций былай дейді: «Ешқашан құламаған адам мықты емес. Нағыз мықты адам – құлап, сосын тұра алған адам». Әрбір адам  алға қойған мақсаты үшін күресіп, армандарының орындалуы үшін еңбек ету қажет. Армандар әрқашан орындалады.  Мақсатыңыз айқын болсын.

                                           Индира БІРЖАНСАЛ,

  әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика

                                              факультетінің 3-курс студенті.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password