Ардагер туралы ақиқат

Өмірдің  қысы, жазы, көктемдері,

Қысылтаяң шақтары,өткелдері,

Адамның аққан қаны,төккен тері,

Мұратқа жетпегені, жеткендері

Жанымды жеп жүр менің көптен бері.

М.Мақатаев

            Дүниені дүр сілкіндіріп,талайдың тағдырын шайқаған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толып отыр. Жалпы,  Ұлы Отан соғысы жайлы сөз болғанда әскери тұтқындар мәселесі айтылмайтын, жабық тақырып болды.                 Бұл тақырып  КСРО тарихнамасында да болмады. Себебі, кеңестік әскери тұтқындар ұзақ жылдар бойы қоғамдық санада «сатқындар», «опасыздар», «халық жаулары» деген түсінік қалыптастырғаны ақиқат. Мәселен, Кеңестік соғыс тұтқындарының қасіреті, генерал Власовтың армиясында болған жауынгерлер тағдырлары және басқа да біраз оқиғалардың қыры мен сыры әлі күнге белгісіз  күйде қалып келеді. Біздің әңгімеміз, неміс лагерьлеріндегі  тозақтан ғайыптан аман қалып, одан кейін халық жауы атанып, Сібірдің суығынан аман келген жанның бірі–генерал  Власов  армиясының жауынгері болған Сабірден Медетбаев туралы болмақ.

       Сабірден Медетбаев 1922 жылы қараша айында Алматы облысы,Ұйғыр ауданы, Диірмен ауылында дүниеге келген. Балалық шағы 1930 жылдардың қиын- қыстау кезіне тура келді. 1941 жылы  әскерге алынады. Әскер қатарында жүргенде соғыс басталып кеткен. Содан  генерал Власовтың екпінді армиясында жауға қарсы ерлікпен шайқасқан. 1942 жылы шілде айында Власовтың армиясымен тұтқынға түсіп, Житомирдің түбіндегі концлагерьде 2 ай болады. Одан кейін Германияға жөнелтіледі. 1943-1945 жылдары Еуропа  жерлерінде ауыр азапты көрген. Лагерьде жұмыс істеген  соғыс тұтқындарының  қасіреті дегенді айтып  жеткізу  мүмкін  емес. Ол кезде тұтқынға түскендерге Кеңес үкіметінің қатал заңы қолданылатын. 1940 жылдың 16 тамызында Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталиннің №270 бұйрығы шыққаны белгілі. Бұл бұйрықтың қысқаша мазмұны-ешқандай  себеп-салдартына  қарамастан, жау тұтқынына түскен адамның бәрі сатқын, Отанын сатқан опасыздардың қатарына жатқызылды.Осы қанқұйлы бұйрықтан сескенген көптеген әскери тұтқын шет елдерде қалып қойғаны белгілі. Ал, неміс фашисттерінің  азапты концлагерьлерінен босаған жауынгерлерді қаhарлы ерекше бөлім күтіп тұрды. Тұтқыннан азат етілген жауынгерлердің ішінде біздің кейіпкерімізде бар еді. Жүрегі елім деп соққан   есіл ерді  Кеңес әскерлерінің қолына алып келеді. Осы арада Жапониямен соғыс басталып, 1945 жылы  Қиыр Шығыстан бірақ шығады. Жапондықтар талқандалғаннан кейін, ерекше бөлім шақырып  қолына кісен салып, абақтыға жауып тастайды. 1945 жылы КСРО батыс державаларының басқыншы биліктерімен әскери тұтқындарды Кеңес еліне қайтару туралы жасалған келісімдерінен кейін, осы жылдың шілде айының аяғында КСРО  ІІХК «Елге оралған кеңес азаматтарын есепке алу және тіркеу тәртібі туралы нұсқаманы жариялау туралы» бұйрық шығарған болатын. Осы нұсқамаға сәйкес барлық елге қайта оралғандар, әскери тұтқындар, жай азаматтар мемлекеттің халық жауы ретінде қарастырылды. Фашистік лагерьлерден аман оралған тұтқындар Отанына келіп, Кеңестік лагерьлерге жабылды.  Сәбірден де осы бұйырықты негізге алған   сот шешімі бойынша  10 жылға бас бостандығынан айырылады. Сол кеткеннен 1945-1948  жылдар арасында Магадан қаласының «Лоза» шахтасында ауыр жұмысқа салынады. Жақсылықтан үміт үзбеген ол бар күш-жігермен  қызметін адал атқарады. 1948-1951 жылы Усть-Аскан  қаласындағы  электр станциясында жұмыс істеп, алдыңғы  қатардан көрінеді. Сол еңбегінің  арқасында 12 мәрте мақтау қағазын алып, құрмет тақтасынан аты орын алады. Еңбегі ескеріліп, мерзімінен бұрын босатылған ол, 1954 жылы  еліне  оралады. Соғыстан кейін еліне сағына оралған ардагер  бар жан-тәнімен еңбек майданына араласады. Бірақ, заман талабы мен үкімет саясатына қарай көптеген қысым мен кемістушілік көргенімен, халықтың көңілінен шығатын қандай да бір ортақ шара болса бастартуды білмейтін. Ағайын, туысқа қол ұшын созып тұратын ақкөңіл  азаматты туған-туыс сыртқа теппей, қашанда жанашырлық танытып өз орталарында қадірлеп, ыстық-ықыластарын аямайтын. Осындай туыс-туғанның ықыласына бөленген Сабірден «бұған да тәубе» деп өткен күндерін еске алмауға тырысатын. Кейінірек толық ақталып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілді. Ақталғаннан кейін, соғыстағы  ерліктері ескеріліп, 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше  медальдармен марапатталған.1955-1959 жылдары ішінде Нарынқол аймағында орманшы болып жұмыс істеген. Күн мен түнге қарамай еңбектенген жан қай жерде болса да абыройлы болады емес пе. Кейіннен 1959-1979 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін қазіргі Шалкөде, бұрынғы Киров колхозында колхозшы болып, әр салада еңбек еткен. Өзі баққан колхоз малын өз малындай қарап, көзінің қарашығындай сақтауға күш–жігерін жұмсады. Сабірден әкеміздің жұбайы Мергенбаева Жамалхан анамыз қараторының көріктісі еді. Дастарханы  ертең ерте жайылса, кешке дейін жиналмайтын. Кімді болса да күліп қарсы алып, күліп шығаратын кең пейіл, қолы ашық адам еді. Сонымен қатар, тыл және еңбек ардагері болды. Жұбайы екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздарының бәрін оқып білім алуға мүмкіндік жасай отырып,  әкенің баласы болма, халықтың баласы бол деген қағиданы ұстанды. Адамның мейірмандығы ана сүтімен тарайды. 7 баласынан 16  немере, 25 шөбере сүйді.   Жеңістің 20-30-40-50-55-60 жылдық медальдарымен, Маршал Жуковтың медалімен, еңбек ардагері медалімен марапатталды. 2005 жылы наурыз айында аудан әкімі Б.Нұрғожаевтың қолынан «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» деген медалімен марапатталды. Өзі өлсе де, артында із қалдырған атамыз, өзінің қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен, ауылдың қадірменді қариясы болды. 80-нің сеңгіріне шыға өмірден өтті. Ардагер жайлы  ақиқат кейінгі ұрпағына қазына ғой. Қан майданда  елдің абыройы үшін, жеңіспен оралу үшін ар намысын  ту етіп майданға атанған аталарымыздың  еңбегін бағалау жеңіс жолында шейіт болғандарды  елеп, басымызды  иіп, тағзым ету біздің ауылдастарымыздың   алдындағы адамдық борышымыз.

                                                                                           Әлі  БАТЫРХАНҰЛЫ,

                                                                          ҚР Журналисттер одағының мүшесі,

                                                                                             Шалкөде ауылы.

(Материал Сабірден Медетбаевтың көзі тірісінде Эльмираның әкесінен жазып алған деректері бойынша  дайындалды).

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password