Алматы облысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруда көш бастап тұр

          ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Айжани Нұрланова Алматы облысына кезекті іс-сапарымен келді. Министрдің сенімді уәкілі аймақта «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылуын көзімен көріп қайтты. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында мәлім болды.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ел аумағында іске қосылғанына аттай үш жыл болды. Бастапқыда аталған бағдарламаның желкенін көтеруге 16 млрд. теңге қаржы бөлінген еді. Берілген қаражат желге ұшпады. Пайдасын ел көрді. «Еңбектің» бірінші бағытына сәйкес, облыс бойынша 15 білім мекемесімен 14 оқу орталықтарында 45 мамандық бойынша 2536 адам бизнеске бағыт алған. Оның 2046-сы тұрақты жұмыс орнына орналасып үлгерген. Екінші тармағы арқылы оқыған адамдардың ішінен 1094-і 4791,3 млн. теңге көлемінде шағын несиеге қол жеткізген.

Ал, жаңа бизнес идеялардың жүзеге асуы үшін 1328,5 млн. теңгеге 2397 грант бөліну көзделгенін атап өткен жөн. Бағдарламаның үшінші бағытына келсек, қазіргі кезде 1375 азамат әлеуметтік жұмыс орындарынан орын тапса, 1932 адам «жастар тәжірибесі» бағдарламасының түлегі болып саналып отырған жайы бар. 19 958-і қоғамдық жұмыстарды үйлестіруге бағыт алып отыр. Көрсеткіш жаман емес. Дегенмен Айжани Адайқызы, «Еңбек» бағдарламасының аясында әліде жұмыстардың жүйелі атқарылуына ден қою керек деген пікірде. «

Жұмыс барысымен республикамыздың әр аймағында жүремін. Саралап қарасақ, санға келгенде мін таға алмаймын. Дегенмен, атап өткен бағдарламаның шеңберінде оқып жатқан азаматтардың басым көпшілігін, бір ғана бағыттың шеңберінде жол көрсететінін көзім шалды. Бұқараға айтқым келері, өздеріңіздің қолдарыңыздан келетін іспен шұғылданыңыздар, сонда нәтижесіде жақсы болмақ. Оқытушы мамандарда, осы мәселеге назар аударса екен. Әр адам жеке тұлға, оның өзіне тән таңдауы барын ұмытпайық», — деді өз сөзінде спикер, Айжани Нұрланова.

Ендігі кезекте «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына ойыссақ. Алматы облысында аталған жұмыстың іске асуына 105,6 млрд.теңге қаражат қарастырылған болатын. Осының негізінде 1051 жобаны жолға қою көзделген еді. Бүгінгі күні 898 жоба аяқталып отыр. Негізгі жоспар бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 20,9 мың жаңа жұмыс орынын ашу мақсат етілгенін атап өткен маңызды. Оның 10,5 мыңы жұмыспен қамту орталығы арқылы іске асырылады деп айқындалған болатын. Алматы облысы

көзделген межеге жетуде. Өйткені, 19 240 тұрғын жұмысқа тұрса, оның ішінде 9 471 жан жұмыспен қамту орталығы арқылы нәпақасын тапқан. Ал, бағдарлама бойынша еңбекке тартылғандардың орта жалақысы 89 242 теңгені құрап отыр. Жергілікті билік берген бұл сандардың орнықтылығын министрдің кеңесшісі де мақұлдайды. Себебі, көрсеткіш пен атқарылған жұмыс теңдікті ұстағаны айдан анық көрінген дейді.

«Алматы облысына екінші рет келуім. Бірінші мәрте, өзімнің бастамаммен іске асқан «Менің кәсібім» жобасымен табан тіреген едім. Ол кезде әлеуметтік осал топ өкілдерімен тікелей жұмыс жасап, жеке кәсіп ашуына ықпал етуге барымызды салдық. Бұл жолы қос бірдей мемлекеттік бағдарламаның өңірде жүргізілу қарқынын бағамдауға келдім. Нәтиже жаман емес. Ол, шалғай аудандардағы жасалынып жатқан істерден көрінеді. Құрылыс алға басқан, сапасы сын көтереді. Бұның өзі облыс басшысы Амандық Ғаббасұлының тікелей қадағалауының арқасында жүріп жатыр десем артық емес. Осы деңгейден түспей еңбек етілсе, аймақ өркендей бермек», — дейді Айжани Нұрланова.

Сондай-ақ, кеңесші ханым, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру бойынша Алматы облысы көш бастап тұрғанын тілге тиек етті. Елордасынан келген өкілетті тұлғаның назарына іліккен бір жайт, ол өңірлерде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысының жүруі.

«Облыс орталығына іргелес жатқан, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылына бардым. Ол жердеде жұмыс қызу. Менің таңқалқаным басшысы мен бағыныштысы барлығы өздеріне берілген тапсырмаға асқан жауапкершілікпен қарайды. Өте ризамын. Сонда көзіме түскені спорт кешені, шағын ауылда сондай әдемі нысан бой көтеріп жатыр. Елбасы, Нұрсұлтан Назарбаев 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы бастаманы көтергені белгілі, аталмыш тапсырманы орындауда тағы да Жетісу жері алға шығып отыр»,- деп сөзін сабақтады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі.

Жиын соңында Айжани ханым, Алматы облысында іргелі істердің жолға қойылып, оның сапалы орындалғанына дән риза екенін жеткізді. Сондай-ақ, республиканың еш аймағында жоқ, теңдесіз студенттерге арналған бес жұлдызды жатақхананың бой көтергенін ерекше атап өтті. Осы арқылы елді бұқара үшін жасалынып жатқан жұмыстардың салмағын білуге шақырды.

Анар САБЫРОВА.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password