Алматы облысында қалдық қоймалары қалпына келтірілуде

      Мемлекеттің басты байлығы-адам. Оның өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру денсаулығы үшін қолайлы ортаны қорғау, ҚР заңының 31-бабының 1-тармағында баса көрсетілген.
Осыған орай, Алматы облысының экология департаменті «2018-2021 жылдарға арналған Алматы облысының экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі» жұмыс жоспарын әзірлеген. Аталған бағыттағы шаралар облыс әкім Амандық Ғаббасұлының келісімімен бекітілген.
Жетісу өлкесінің көз тартар сұлулығын сақтап қалу үшін, бірқатар экологиялық мәселелер жұмыс жоспарына кіріктірілген. Олар:
1. Алматы облысының елді мекендеріндегі коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу мәселесі, жерді қашықтықтан зондтау (Геопортал) жүйесі арқылы анықталған заңсыз қоқыс үйінділерін жою.
2. «Сорбұлақ» көлінің (Алматы қаласы сарқынды су жинағышының) кері әсерін және экологиялық қатерін төмендету.
3. Панфилов уран кен орнының радиоактивті үйінділерін жою.
4. Кербұлақ ауданының Сарыөзек кентінде, Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінде және Қапшағай қаласының Заречное ауылында кәріз жүйелері мен тазарту құрылғыларының апатты жағдайы.
5. Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарында орналасқан өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымаларын жою және консервациялау.
6. Текелі қаласында орналасқан қалдықсақтауыштың кері әсерін жою.
Жоғарыда көрсетілген экологиялық мәселелер бойынша жергілікті атқарушы орган, сондай-ақ Департаментпен бірлесе отырып, жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Алматы облысының қалдықтарын басқарудың аймақтық жүйесі» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Аталмыш істі жүзеге асырушы «ГеоДата Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Сонымен қатар, экология, геология және табиғи ресурстар министрінің тапсырмасы бойынша құрылған «жедел желіде» стихиялық қоқыс үйінділері бойынша 119 өтініш келіп түсті, оның ішінде 77 қоқыс.
Түйіткілді мәселенің күрмеуін шешуге бағытталған жұмыстың бірі Көктал-Арасан және Жаркент-Арасан ауылдарындағы ұңғымалардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау. Барлық ұңғымалар бойынша дозиметриялық өлшеулер жүргізіліп, өлшеу хаттамасы жасалды, координаттарды анықтау бойынша жұмыстар орындалды және ұңғымалардың орналасқан жерінің картасы жасалды.
«2020 жылдың мамыр айында мемлекеттік сатып алуды өткізу нәтижелері бойынша «ОНТ-NP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік ұйымымен шарт жасалды, Панфилов ауданының уран ұңғымаларын рекультивациялау нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Мемлекеттік сараптаманы алу 2021 жылға жоспарланған. Мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама қорытындысын алғаннан кейін уран ұңғымаларын рекультивациялау және консервациялау бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім берілетін болады»,-дейді Алматы облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Данияр Құрманбеков.
Қолға алынған жұмыстар барысында «Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы кәріз жүйесін қайта жаңғырту және салу» нысанының құрылыс-монтаж жұмыстарына 1,1 млрд.теңге бөлініп, 2018-2019 жылдары аталған жоба іске асырылды, реконструкциялау және құрылысы жұмыстары аяқталып, экологиялық мәселе оң шешімін тапты.
Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында, 2020 жылы қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстары басталған еді. Қалдық қоймасының аумағына төгу үшін инертті материал сатып алу жөніндегі жобаны іске асыру кезеңінде туындаған мәселелерге байланысты, қалдық қойманы қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарды аяқтау 2021 жылға жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Департамент экологиялық проблемаларды шешу бойынша уәкілетті органдардың жұмысына тұрақты бақылау жүргізіліп отыр.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password