Алматы облысында карантин талаптары сақталған

   Өңірдегі карантин шараларының күшейтілуіне байланысты облыстың бірқатар аумағында арнайы рейд жүргізілді.

Атап айтсақ, Алматы облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Қапшағай қаласының су қоймаларын және Кербұлақ ауданындағы сауда орындарын тексеріп қайтты.

Облыстан екі аймаққа беталған мамандар алдымен Сарыөзек кентіне ат басын бұрған. Онда олар, ең бірінші поштаға бас сұқты. Аталған мекемеде 20 қызметкер әлі күнге қызмет істеуін жалғастыруда. Күніне 70-80 адамға дейін қабылдайды. Мекеме ішінде күндігіне 3 рет залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі . Яғни облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қойған талаптар мейілінше сақталынған.

     Артынша олар, халық ең көп қызметіне жүгінетін ХҚКО-на барды. Бұл жерде 17 қызметкер еңбек етуде. Күніне 400-ге жуық тұрғынға көмек көрсетеді. Әрбір екі сағат сайын кеңсе іші тазартылып отырылады. Барлық қызметкерлер мен келуші халық нөпірі де бетперде киіп жүр. Қолды өңдеуге арналған құрылғыларда нысан ішінен орын тапқан.

Ал, дәріханада талап қатаң сақталынған. Денсаулық сақтау ұйымдарының бір бөлігі саналатын жерде барлығы өз орнында. Көпшілік көп тұтынатын бетперделер де тапшы емес. Бір реттік қолданатын маскалар 115 теңгеден болса, көп реттік қолданылатын түрі 570 теңгеге саудалануда.

   Жауапты тұлғалардың айтуынша бетперде тапшылығы орын алған емес. «Аудандағы кәсіпкерлер қолдан бетперде тігіп, барлық дәріханаларға таратады. Шекті баға белгіленген. Сондықтан да масканың бағасы бір қалыпты күйін сақтап тұр»,- дейді кәсіпкерлер бөлімінің басшысы Даулет Дәуренбеков.

Естеріңізде болса Кербұлақ ауданында коронавирус инфекциясын жұқтырған 9 адам анықталған еді. Олармен қарым-қатынас орнатқан 170 адамда дер кезінде анықталып, барлық ем-дом, тиісті шаралар қолданып, айығып шыққан болатын.

Бірақ, соған қарамастан, індеттің алдын алу шараларын аймақ басшылығы тоқтатқан жоқ.

     «Маусым айында 509 адамды тексеруден өткізу жоспарланған. Оның 156-сы яғни, 30 пайызы арнайы тексеруден өтті. Айдың соңына дейін барлы жоспарлы түрде сынақтан өтіп бітеді деп күтілуде. Алынған сынамалар Талдықорған қаласындағы зертханаға 1 сағат көлемінде жеткізіледі. Нәтижелер бір тәулікте қолымызға тиеді»,-дейді Кербұлақ аудандық тауарлар мен қызметтердің

сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ертай Ербозайұлы.

Айта кетерлігі, әлі күнге мемлекеттік қызметкерлер қашықтықтан жұмыс істеуге кіріспеген. Барлығы әдеттегінше өз жұмыстарын жалғастыруда.

Ал, қаперге алатын ттағы бір жайт, сауда орындарында ара қашықтың сақталмағаны. Мұны да қырағы мамандар назардан тыс қалдырмады.

Одан ары тексеру тобы Қапшағай қаласына жол тартты. Шомылу маусымы басталар шақта нысанаға іліккен жерлер әрине ол демалыс аймақтары болды.

   Мамандар алдымен «Ямайка» демалыс орнына барды. Бір қарағанда барлық талаптар сақталған. Тазалығына сөз жоқ. Дегенмен сын садағына іліккен бір ғана көзге елеусіз орын ілікті. Ол жаздық алаңда орналасқан үстелдердің ара қашықтығы талапқа сай болмай шықты. Осыған қатысты санитарлық дәрігер ескертпе жасады. Тексеру тобы осы тектес тағы да екі бірдей демалыс орнына барып, ол жақтағы жағдайды көзбен көріп қайтты.

Бұдан өзге Қапшағай су қоймасына апарар жолда мобильді бекеттер қойылған. Өйткені бұған дейін шомылу маусымына рұқсат берілмеген еді. Ал, тексеріс нәтижесі демалыс орындары жаңа маусымға дайын екенін көрсетті. Сондықтан ертеңнен бастап, Қапшағай су қоймасы келушілерді қабылдай бастайды.

«Әкімнің қаулысымен құрылған мобильді топ түсініктеме жұмысын жүргізді. Бұл топ әлі де жұмысын жалғастыруда. Осыдан екі апта бұрын аурудың таралу қырқыны 7 пайыз болды. Бүгінде өсім 5 пайыздан төмен. Сондықтан да біз шомылу маусымын еш кедергісіз бастай аламыз»,-деді Қапшағай қаласының бас санитарлық дәрігері Амантай Қамаубаев.

Осылайша, облыс тарапынан қолға алынған тексеру жұмыстары мәресіне жетті. Нәтиже көрсеткендей өрескел ереже бұзушылық орын алмаған. Ары қарай да осы беттен танбасақ індет атулыны жеңіп шығарымыз сөзсіз.

Анар САБЫРОВА

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password