Алматы облысында бұқаралық спортты дамытуға 500 млн.теңге бөлінді

   Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 64-тармағында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту» бойынша тапсырмасы берілді. Президенттің пәрменін орындау Алматы облысында қарқынды түрде жүзеге асуда.
Бұқаралық спортты дамытудың негізгі көзі – бұл спорттық инфрақұрылымдар желілерін дамыту болып саналады. Қазіргі таңда Алматы облысында дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін 3702 бірлік спорттық құрылымдар бар.
«Бүгінгі таңда Алматы облысында 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері қолданысқа берілді. 2021 жылы облыста 6 нысанның құрылысы жүріп жатыр. «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДШСК), жергілікті бюджет есебінен 2 ДШСК-ні және мемлекеттік жекешелік-әріптестік желісі бойынша 1 нысан бой көтереді»,- дейді Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Нұрбақыт Теңізбаев .
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында, тұрғындар саны 3 мыңнан асатын спорттық инфрақұрылымдар аса қажет тірек және спутниктік ауылды елді мекендерге 30 шағын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін және 127 стритворкаут алаңдарын салуға ұсыныс берілген. Ағымдағы жылы 127 стритворкаут алаңдарының құрылыстары басталмақ.
Сонымен қатар, жастар мен жасөспірімдердің назарын бұқаралық спортқа аудару мақсатында облыста дене шынықтыру даярлығының 16 балалар мен жасөспірімдер клубы ашылды. Облыстың барлық шалғай бұрыштарында баскетбол, футбол, волейбол және шахмат бойынша әуесқой спорт федерациялары құрылды. Облыстың 14 000-ға жуық тұрғынын спорттық киіммен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жалпы бұқаралық спортты дамытуға 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен 500 млн.теңге бөлінді.
Қарашаның спортпен айналысуына жағдай жасау үшін, 2020 жылы 1 желтоқсанда «Халықтың спортпен және дене шынықтырумен шұғылдануы үшін білім беру мектептерінің спорт залдарына қолжетімділігін қамтамасыз ету» бойынша білім басқармасымен өзара ынтымақтастық меморандуымына қол қойылған. Бұл туралы басқарма басшысы Нұрбақыт Молдахметұлы мәлімдеді.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password