«Алатау» дәстүрлі өнер театры Жетісу өңіріне келді

Өнер атаулының ішіндегі ең биігі – театр. Мәдениеттің ошағы саналған алтын орда ел руханиятына қызмет жасап келеді. Бүгінгі таңда бағыттары саналуан театрлар бар. Оның ішіндегі дарасы «Алатау» дәстүрлі өнер театры.

2016 жылы тамыз айының 18-ші жұлдызында Алматы қаласының 1000 жылдығына, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай театр есігін айқара ашты. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ғимараты Алатау ауданы, Нұркент ықшам ауданында орналасқан. Театрда 724 орындық концерт залы, қосымша 154 орындық қызыл және 98 орындық көк залы бар. Озық архитектуралық үлгідегі, заманауи технологиялармен жабдықталған нысан 2014 жылы Алматы қаласының индустриалды-экономикалық даму бағдарламасы негізінде бой көтерген.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дәлел Зейнешұлы болса, мәдени орданың бас режиссеры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі актер Ерлан Біләл. Аталған ұйымда ұзын саны 213 адам қызмет атқарады. Оның ішінде 80 адам шығармашылық топ мүшелері.

Құрылғандарына 4 жыл болған бұл өнер ошағының құрамына актер қауымының қабылданғанына 1 жыл ғана болған. Шығармашылық ұжым осы жыдар аралығында биыл бірінші рет гастрольдік іс-сапарға шығып тұр. Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктері арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастықты арттыру мақсатында келісілген меморандум аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алғашқы сапары жер жәннаты Жетісудан бастау алып отыр.

Жетісудың бас шаһары Талдықорған қаласында мәдени ұжым екі күн қатарынан қала тұрғындары мен қонақтарына өз шығармашылықтарын паш етпек. Театр қоржынындағы барша туындылар Бикен Римова атындағы облыстық дарама театрында сахналанатын болады.

    Тарқатып айтсақ, 27 ақпан күні, сағат 15:00-де «Мұқағалимен сырласу» атты поэтикалық концерті өтеді. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымы қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевтың әндері мен өлеңдеріндегі сырлы ойларын сахнадағы қойылым арқылы жаңа қырынан көрсетпек. Қойылымда мұзбалақ ақынның сөзіне жазылған кеңінен танылған әндер шырқалып, актерлердің образдық тұлғаларды сомдауы, әндердің орындалуы бәрі синтезделіп көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар, дәл осы күні кешкі сағат 19:00-де халық ауыз әдебиетінің ХХ

ғасырдағы алыбы, ақын, эпик жыршы Жамбыл жайлы «Жыр-жолбарыс» музыкалық спектаклі сахналанатын болады. Мұнда театр актерлері ғасыр өмір сүрген эпик жыршының соқпағы көп қоғамда қаймықпай ой айтқан кейбір кезеңдерін көпшілікке образ сомдау арқылы көрсетеді.

Гастрольдік сапардың екінші күні, яғни 28 ақпанда сағат 14:00-де «Мұқағалимен сырласу» атты поэтикалық концерті қайталанып қойылады. Бірінші күні келіп тамашалауға үлгермеген өнер сүйер қауым үшін арнайы ұсынылады. Және осы күні кешкі сағат 19:00 – де Қазақ өнерінің қайраткері, белгілі дәстүрлі әнші Алма Аманжолова, Қазақ өнерінің қайраткері, қылқобызшы, Арқа мектебінің өкілі, дәстүрлі әнші Әдікей Қазыбек, дәстүрлі әнші, «Мен қазақпын» Халықаралық мега-жобасының финалисті, Іле-Тарбағатай мектебінің өкілі, Халықаралық және Республикалық конкурстарының лауреаты Сәулежан Тақзияның, «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі, Халықаралық және Республикалық конкурстарының лауреаты Аслан Гумаровтың, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актері, белгілі әнші Әсет Есжанның және тағы да басқа өнер майталмандарының қатысуымен ГАЛА-КОНЦЕРТ беріледі.

Осылайша алғашқы қадамдарын енді басып жатқан өнер ордасы өз көрермендеріне рухани азық сыйламақшы. Жас, дарынды друматург, режиссерлермен жұмыс жасап жатқан «Алатау» дәстүрлі өнер театрының репертуары алдағы уақытта жаңа туындылармен толығатын болады. Театр мемлекеттік маңызы бар шаралардан да қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, еліміз бойынша қос ғұлама Абай Құнанбаевтің 175 жылдығы мен Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын тойлау барысында музыкалық спектакль қойып, өңірлерді араламақшы. Ұлттың игілігіне қызмет етуді көздеген ұжым әлі талай шыңға шығып, өз көрермендерін табады деп сенеміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password