Азамат асуы

  Әркімнің өз асуы, жүріп өтер, соны соқпағы бар. Алдыңғы буынға қарап бой түзер хәлге жеткенімізге де шүкір деймін. Түрлі тағдыр иелерімен сұхбат құрып, сапарлас боп,  сол жанның  бойындағы адами қасиеттерін,  азаматқа тән мінсіз мінезін танып, көріп, талғап, таразылап, сыры кетсе де сыны кетпеген өмірнамасына қызыға қарайтыным бар. Бой түзеп, ой түзеп, кісілік пен кішіліктің, ізеттіліктің ізгі жолында күзетші бола білген оның өмір өткелдеріне, салиқалы сүркіл соқпағына  салғың келеді. Абай хәкім айтқандай:  «Болмасаң да ұқсап бақың» келеді. Өйткені  сөз еткелі отырған жанның дара жолы маған ғана емес, мендей талай жастың өмірлік ұстанымына әсер ететіні әмәнда шындық.

    Стахан  Жақыповтың есімін өзі  құрылыптас азаматтар жыға танығанмен  кейінгі буын  келістіре біле бермес.  Өзінің еңбек жолын, кіндік қаны тамған жерден  бастаған екен.  Ауыл  азаматтары арасында өткізген өмірі жайлы, отбасы туралы үлгі етіп айтудан жалыққан емес. Өзіндей еңбекпен ержеткен есіл ерлердің тағдырларын, тұнық заманның жырын жырлағанда, мұңын мұңдағанда көсіле қайран қалып, келмеске кеткен қымбат та, қадірлі балалығы, жалынды жастық шағы сағынышпен сарыла есіне түседі. Ондайда, ондайда артына ірілі із қалдырған  бірін білідіріп, бірін білдірмей    жасаған жақсылығын, еңбек қолымен тудырған елеулі істерін  ұранды ұрпақтарымен шын ниетте бөліскісі келеді.

   Кейіпкеріміз 1936 жылдың мамырында  ( сол кездегі Нарыңқол ауданы) Қошқар атындағы (кейін Ворошилов атындағы) колхоздың «Ақбастау» мекенінде дүние есігін ашады. Әке-шешесі қарапайым ғана шаруа адамдары болған. Ол кезде көшпелі тұрмыстан қоныстандыру саясаты жүргізілуіне байланысты, жоғарыда атап өткендей «Қошқар» атты «мойынсерікке» ұйымдасады. Соны кезде колхоздастыру саясаты кең жүргізіліп, ер-әйел демей еңбекке баулып, алшы түскен ісіне арқадан қағатын. Нәтижелі жұмыстан жұлына көзге түскендерін  түрлі озаттар қатарына қосу, одан қалса мәнді-сәнді марапаттау, өзіндей өзгелерге үлгі-өнеге ету большевиктердің  ұр да соқ ұраны болғаны  шымқай шындық.

Сол жылдары, Совет Одағының Донбасс қаласының көмір өндіру шахтасында, атақты көмір өндірген  – Алексей Стаханов бір күнде 70 тонна көмірді өндіріп, бұрғылау озаты болып, бүкіл еңбеккерлерге үлгі болады.

Сол озаттың еңбегін бүкіл совет халқына дәріптеу мақсатында, осындай «Стахановшы» қозғалысын дамытуға, оны халықтық қозғалысқа айналдыруға, ауыл еңбеккерлерін ынталандыруға себепші етеді.  Міне, сол халықтық қозғалыс кезінде  ауыл-аймақта «Стахановшылар» озаты болу үшін қандай да бір істе болмасын аянбай еңбек ету мейілінше міндеттеледі. Оның қатарында кейіпкеріміздің әке-шешесі де бар.

    Анасы Нағиша  Саурықова  аяғы ауыр болса да  қоңыр тірліктен тартынған емес. Соның арқасында еңбек озаты атанып, «Ақбастау» учаскесінде «каучук» теруден айналасына аты әйгіленеді.

   Каучук теру білгенге, жұмыстың жеңілі емес. Оның сыртында межелеген бір күндік норма деген жоспар бар. Аумалы-төкпелі тау мінезіндегі ауа райы әр түрлі әлегін салғанда жұмыс жүрмей кері кетеді.  Күн ашық болғанда ғана батпақ тәріздес  басына байланған үлпілдекті тынымсыз  теріп, уақытылы өткізіп отыру мен-мен деген кісінің қолынан әсте келе бермейтін.

     Белгілеп қойған күндік норма 300-500 грамм. Көпшілік арасынан сол норманы  Нағиша оза орындап, «Стахановшы» қозғалысы жеңімпазы атағын алған алғашқы әйел атанады. Сол кездегі кіттәй қуаныштың артын ала келген қуанышы Стахан атамыз өмір есігін ашып, бір шаңырақтың емес, бір ауылдың көңіл көзесін қуанышқа толтырады.  Шыр еткен шақалақ дауысына еліткен ана әуелі Алласына тәубе айтып, атын азан шақырып Стахан қояды.  Әкесінің інісі ауылда кішігірім есепші болып жұмыс істейтін. Көзі ашық, көкірегі ояу   Ыбырайым  көкесі: «міне, бүкілхалықтық «Стахановшылар қозғалысында» туған баламыздың аты Стахан болсын»–деп жақсылыққа ырымдаған екен.

    Стахан  Жақыповтың еңбек жолы адамзатқа  қасірет әкелген Ұлы Отан соғысымен қатар өріледі. Алты жастағы Стахан  1942 жылы бастауыш мектепке барып, 1955 жылы он жылдықты ойдағыдай оқып шығады.

 Төрт жылдық мектеп өзі  тұрған ауылдан 2,5 шақырым жерде орналасқан. Ал орталау жеті сыныптық білімді алу үшін алты шақырымды жүріп өтеді. Он жылдық мектеп аудан бойынша екі жерде ғана болғандықтан,  он бес шақырым жолды кішкентай Стаханға  жаяу жүруге тура келеді. «Жол азабы мен көр азабы бір» ара алшақтықты өмірдің ауыртпалығы деп санау сол кездің балаларына сөз боп па? Көпшілікке тең бұйырған құқайдың ішінде кейіпкеріміздің көрген қиыншылығы бір мұнымен біте қалсашы.

    Соғыспен тұспа-тұс келген тіршіліктің қиындығын қалай айтпасаң да оңайы жоқ. Әсіресе, ойын баласы үшін. Бастауыш мектептің 3-4 сыныбында оқып жүргенде сабақтан соң көктем айында мектеп алдына бригадир келіп,  ауыл сыртындағы егістік жерге ертіп кететін болған. Ондағы орта қазаннан ас ауқаттандырып,  арқадан қағып, атсоқаға отырғызып, кемінде  2-3 сағаттай жұмысқа жегетін. Мойу мен жасудың не екенін білуге мұрша қайсы? Тапсырған  жұмыстың, қолға тиген шаруаның қай-қайсысы болса да қадірлі және ерге, азаматқа тән мінезбен мінәйі де  бұлталаққа салынбай атқарыла беретін. Сәл тамағы кеберсісе  қара шайды құмарта ішіп, қара көжені  ас қып, (ұннан жасалған) нанның орнына  талқанды талқажау етіп, әкелермен қатар кеш батырып үй көретіні кеше ғана сияқтанады…

    Соның өзін қарын тойды  қанағатқа балап, қың деп қыңырлық танытпаған сол кездің балалары ойыннан гөрі ойды серік еткенін Стахан қария әр сөзінде айтып отырады.

    Күзді күні осы сияқты азын-аулақ егістік жерден жиналған астықты бастыруға, тұлық тастың атына мінгізу үшін тағы да балалардың көмегін қажетсінеді. Ондайда бригадир  3-4 баланы бірдей жұмысқа тартады. Бармауға сылтау жоқ. Қожа да, биде сол. Әке-шешең де ара түспейді. Өйткені, ауылдағы жас ер азаматтар тегіс майданға аттанған.  Артта аңырап қалған кәрі-құртаң қарияларда қауқар қайсы? Сондықтан солдаттай шымырлық, шыдамдылық әр баланың бойынан табыла кететін.

   Науқанды жұмыстардан төрт-бестерде босап, үйге келіп, ертеңгі оқуға дайындалу қатқан қағидамен пара-пар. Ал жазғы үш айлық демалыста басы байлы шөп жинау, егістікті  арам шөптен тазалау, отау жұмыстары басқа түскен бақтары да, сорлары да. Одан ешкім ешқайда қашып құтылмайтын.

   Бірді-бірге жеткізе алмай жатқан жоқшылық уақыттарды жанымен де, тәнімен де сезінген жанның жүрегінде қандай естеліктер қалады дейсіз? Балдәурен балалықтың еркелігін ерте семдірген соғыстың салдарынан көңілді кездер мен шаттанған шақтар там-тұм ғана болушы еді.  Жазатын сия атымен жоқ. Қазанның қара күйесін қырып алып, суға езіп  жазған күндерін Стахан қария қалай ұмытсын? Бесінші класстан бастап екі жылдай ауылдан жырақ жердегі Шолақ  тауының  қызыл тастарын теріп, кейін майдалап уатып, суға салып қайнатып, қызыл сия жасап жазуға жаратқан кездері әлі күнге көз алдында тұр.

   Иә, сұрапыл соғыс жылдары елге не көрсетпеді десеңізші. Қазіргі таңдағы балалар  Стахандай қариялардың өмірін өлшеусіз өнеге тұтса дейсің.  Тыңда тымбай еңбек етіп келгенде ішерге ас таппай, бірі анасының арқасында, бірі тізесінде қалғып кететін ашқұрсаққа ұйқыны алдау еткен ала-құла уақытты кім қалай бағалай білді екен?

Стахан Жақыпов он жылдықты бітірген соң жоғары оқу орнына түсуді армандайды. Алайда  құжат тапсырғанмен  конкурстан өте алмады. Сол кездің өзінде етек-жеңнен жабысқан сыбайластық, тамыр-таныстық Стахандай талай талапкердің меселін қайтарғанын өкіне еске алады.  Жолы болмаған өзіндей жастармен  ауылға қамыға қайтқанын ұмыта қойған жоқ.

   Алда армия күтіп тұр. Әскер  қатарына шақырылып, міндетті борышын (сол кездегі) Эстон ССР-інде өткеріп келеді. Аман-есен ауылға келген соң    колхозда алты ай шофер болып  еңбек етеді.

     Арман шіркін алға жетелейді ғой. Сол арманы ақыры Стаханды Алматымен қайта қауыштырып, ауыл-шаруашылық техникумының бухгалтерлік бөліміне оқуға қабылданады. Талабы таудай талапер,  1959 жылы оқуды ойдағыдай аяқтап, туған ауылында қатардағы есепші болып еңбек етеді. Екі жылдан кейін С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің экономист даярлайтын сырттай бөліміне түсіп,  үш курстан  соң, Халық шаруашылығы институтын 1968 жылы тәмамдайды. Ерен еңбек пен білімге деген құштарлықтың арқасында колхозға бірден бас экономист қызметіне шақырылып, табысты еңбек жолы басталады.

     Алғашқы кезде  қиындау болса да, сеніп тапсырылған міндетті абыроймен алып шығады. Апыл-тапыл басталған жұмыстан уақыт өте келе шебер маманға айналып, сенімге селкеу түсірместен  пысықтық танытып,   отыз бес жыл  шаруашылықтарда  экономист болып қажырлы қызмет етеді. Кейін жылдарда  аудан басшылығы ұйғарымымен Абай және Қызылшекара совхозы құрылуына байланысты жеті жылдан аса уақыт  совхозда бас экономист, одан ары Нарынқол ауданының Калинин атындағы (қазіргі Жолдықұлат ұжымы) колхозда бас экономист және юрист-консультант болады.

Жауапкершілік жүктейтін мінсіз міндетті атқаруда құрметке лайық атымен табысты жұмыс жасап, ортасына сыйлы, ел-жұртына құрметті аға, азамат шағында 1996 жылы зейнетке шығады.

    Міне, осындай үздіксіз ұзақ уақыт еңбек нәтижесін елеп ескерген басшылық тарапынан жоғары бағаланып, «Еңбекті ерлігі үшін медалымен», В.И.Лениннің 100 жылдық мерейтой медалымен, тың жерді игерудің 50 жылдық, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 65 жылдық, 70 жылдық медальдарын кеудесіне тағады. Оның сыртында  ауданның «Құрметті азаматы», тыл ардагері деген ел елеп-ескерген құрметі бар.

    Мәуелеген бәйтеректей тамыры тереңге кеткен әулеттің шаңырағын шайқалтпас – әке жолын жарасымды жалғар  үш ұл, үш қыз өнегелі өрісін кеңітіп отыр.  Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған төрдегі Стахан ақсақалдың төрелі сөзін желге ұшырмай, жерге түсірмей отырған текті ұрпақтың қадірлі қариясына айналған оның  он немересі, бес шөбересі бар. Тәубе дейді соған тәңіріне.  Бәрі жоғарғы білім алған ұлағатты ұрпақтар қатырынан екенін Стахан ақсақалдың тәлімді тәрбиесі деп білеміз. Немерелерін ана тілінде сөйлеу үшін тек  қазақ мектебінде оқытып, ана сүтіне, ана тіліне адалдық танытқанын бір бақыты санайды.

  Ұстаздың да ұстазы бар. Өмірдің өзі бір мектеп деп санасақ, сол мектепте жол сілтер, бағыт берер адамдардың да болары сөзсіз. Стахан қария бүгінгі белесті жасында сол бір ұстаздарын сағына еске алып, қажет болса разылығын да танытып отырады. Сол кездегі  колхозды басқарған майталман басшылар– Абдрахим Наурызбаев, Сәрсенбай Байғұлов, Нүсіпжан Маретбаев сияқты білімді басшылардың өнегелі тәрбиесін көргеніне ақсақалдық алғысын айтады.

Серікжан Мурасилов

 

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password